«Зерен-2019»: Жастардың бизнес бастамаларын дамытуда маңызы зор

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда жастар мәселесіне мемлекет тарапынан ерекше бөлініп отыр. Жастар – Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі.

Елiмiздiң болашағы жастардың біліміне, еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Жастар тарихи құндылықтарымыз бен дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға ілгерілетіп қана қоймай, елдің экономикасы мен ғылымын да дамытуға мiндеттi. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Ендеше бүгінгі жастарға мемлекет пен қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, Мәңгілік елдің болашақ иелері өздері екендігін ұғындыра түсу қажет.

Мемлекет басшысы өзінің он бағытында: «Жастар Қазақстанның дамуында шешуші роль атқарады олар прогресстің қозғаушы күші болуға тиіс. Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар — ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істеуде. Жас кәсіпкер, Жастар бизнес бастамаларын қолдаймыз, жастар стартаптарына қолдау көрсетеміз, жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын ендіреміз. Менің міндетім жастардың өз армандарын жүзеге асыру, өз табыс тарихтарын жасауына мүмкіндіктер жасау. Талантты жастарды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде көтерілу үшін Президенттік кадр резерві жасалады», деген еді.

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Зерен-2019» республикалық білім беру жастар жазғы лагерінде үш ауысымға жоспарланған еліміздің көшбасшы жастарының жиыны да аталған мақсат үдесінен шығуда. Білім лагері аясында семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу шаралары да ұйымдастырылыпты. Мұнда сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың он бастамасын жастар арасында талқылау алаңы да қарастырылған.

Айта кетейік, «Зерен-2019» республикалық білім беру жастар жазғы лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Лагерьдің мерзімі үш кезеңге бөлінген. Әр кезеңде 200 қатысушыдан жиналып, яғни, барлығы 600 адам қатысады. Барлық қатысушы өз жобасын азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа саласы бағыттары бойынша әзірлейді. Әр командаға тәжірибелі тәлімгер-ментор тағайындалып, олар жастарға, идеяларын қалай жетілдіруі керек екені жөнінде жол сілтеп, кеңес береді.

Алғашқы мауысым өз жұмысын нәтижелі өткерді. Нәтижелі дейтініміз - бұнда білімге құштар жастар өзара шүйіркілесіп қана қоймай, оларға аға буын өкілдері де келіп, ой-пікірімен бөлісіп, ашық алаңның көркін қыздырды. Екіншіден, бұнда еліміздің әр түкпірінен келген жастар ұйымдарының басшылары ғана емес оқуда озаттар, өз ісін дөңгелетіп басқаға үлгі болғандар жастар болды. Яғни, республикадағы жас кәсіпкерлер, көшбасшылар, білімқұмарлар бір-бірімен кездесіп, танысып, білісті, тәжірибе алмасты. Ендеше бұндай білімділер мен талаптылар басқосуы керек әрі оның нәтижелі болуы да маңызды. Бірінші ауысымға қатысушылардың өзінде бірнеше тақырыптар қамтылыпты.

Бірінші ауысымда жастармен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министр Дәурен Абаев кездессе, екінші ауысымда Дос Көшім, Ерлан Мұстафин, Мақсұт Жұмаев, Тимур Құдайбергенов, Әлихан Бәйменов және басқа да танымал тұлғалар келіп, тәлім беруде.


«Зерен» лагері жобасының аяқталу соңында сарапшы қазылар қатысушылар жасаған жобалардан ең үздігін іріктейді. Үш маусымның жалпы жүлде қоры 15 миллион теңге. Айта кетер бір жайт, 3 – 11 шілде аралығында өткен бірінші маусымның қорытындысы бойынша 5 үздік жоба таңдалды, жобаларды жүзеге асыру үшін, 7 миллион теңге салтанатты түрде табыс етілді.



Соңғы жаңалықтар