«Зерде» холдингін тарату арқылы жылына 3 млрд теңге үнемдеуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Зерде» холдингі таратылғаннан кейін «ҰАТ» АҚ тікелей ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің «ҚазАқпарат» агенттігінің сауалына берген жауабында көрсетілгендей, холдингті тарату арқылы жылына 3 миллиард теңгеге жуық қаражатты үнемдеу көзделіп отыр. Сондай-ақ холдингті тарату арқылы артық қызметтерден арылып, жауапкершілікті нақты бөліп алуға болады.

Қазіргі таңда «Зерде» холдингінің құрылымында үш еншілес ұйым бар: «Astana Hub» технопаркі, «ҰАТ» АҚ және «Qazinnovations» АҚ. Бүгінгі таңда холдинг қызметкерлерінің штаты 230 адамды құрайды.

«Зерде» холдингі таратылғаннан кейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы тікелей ҚР ЦДИАӨМ қарамағына беріледі.

Бұдан басқа, «Инновациялық технологиялар паркі» ДКҚ, «Astana Hub» КҚ және «QazInnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ны бір ұйымға біріктіру жоспарлануда.

Бұған дейін хабарланғандай, 2016-2021 жылдар кезеңінде холдингтің жинақталған шығыны 7 млрд теңге болды.

Еске сала кетейік, сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Зерде» холдингін реформалауды тапсырған болатын.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі цифрландырудың барысына көңілі толмайтынын айтқан еді.

«Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырдым. Премьер-министр цифрландырудың кураторы ретінде осы мәселеге ерекше назар аударуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар