«Зерде» холдингі төңірегіндегі дау: Әбдірасылов сотта жеңілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған Арман Әбдрасылов холдингті тарату және өзінің жұмыстан шығарылуына қатысты шешіммен келіспей Астананың экономикалық сотына жүгінді. Алайда, сот оның арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таратылған мәліметке қарағанда, А.Әбдрасылов елорданың экономикалық сотына тарату комиссиясының холдингке қатысы 2022 жылдың 11 тамызы мен 7 қыркүйектегі шешімдерін жарамсыз деп тану туралы шағым түсірген. Талапкер шағымында тарату комиссиясы тарату қызметі бөлігінде ғана шешім қабылдауға құқылы екендігін, ал Директорлар кеңесінің өкілеттігін тоқтату және жаңа кеңес сайлау оның құзыретіне кірмейтінін атап өткен.

Осыған орай Астана қаласының экономикалық соты мынадай мән-жайды анықтаған:

2022 жылдың 5 тамызындағы ҚР Үкімет қаулысымен және 8 тамыздағы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының бұйрығымен «Зерде» холдингін тарату комиссиясы құрылған.

8 тамызда холдингтің Директорлар кеңесі еншілес кәсіпорындардың басшыларын тәртіптік жазаға тарту, басқарма мүшелерінің өкілеттігін мерзімін бұрын тоқтату, басқарма мүшелерін сайлау туралы шешім қабылдаған.

11 тамызда тарату комиссиясы 8 тамызда қабылданған аталған шешімнің күшін жойып, «ҰАТ» АҚ, «QazInnovations» Ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» АҚ Директорлар кеңесінің, «Astana Hub» ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі» қамқоршылық кеңесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Сонымен қатар тарату комиссиясының 2022 жылдың 7 қыркүйегіндегі №12 хаттамасымен Директорлар кеңесі құрамын анықтау, Директорлар кеңесін сайлау туралы шешім шығарған.

Ал 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Цифрлық даму министрінің бұйрығымен А.Әбдрасыловпен арадағы еңбек қатынасы тоқтатылған.

«Сот талапкердің талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды. Өйткені, 2022 жылдың 8 тамызында жалғыз акционер/құрылтай өкілеттігі «Зерде» холдингі» АҚ-ны тарату комиссиясына берілді. Осыған байланысты қабылданған шешім толықтай заңды әлі негізді саналады. Бұған қоса, қабылданған шешімдер А.Әбдрасыловтың құқығын бұзбаған. Себебі онымен еңбек қатынасы үзілген. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - деп атап өтеді соттан.


Соңғы жаңалықтар