20:59, 21 Қаңтар 2019 | GMT +6
«Зениттің» бұрынғы футболшысы «Тобылға» келді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Ресейлік жартылай қорғаушы Никита Бочаров «Тобыл» ойыншысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақпаратты «Тобылдың» баспасөз қызметі таратты. Жартылай қорғаушы командада екі жыл доп тебеді.
Бочаровтың мансабы туған жері Санкт-Петербург қаласында басталды. Ол алдымен «Зенит» клубында өнер көрсетті. 2012 жылы Никита қазандық «Рубинмен» 3 жылға келісім-шартқа отырды. Мұнан соң «Нефтехимик» және«Рубин-2» клубтарында ойнады. 2015 жылы «Томь» клубына көшті.
2016 жылы ол «Ақтөбе» сапына қосылды. Мұнда 30-ға жуық ойын өткізіп, 7 мәрте көзге түсті. Ол былтыр «Ордабасы» құрамына алынды. 60 матчқа қатысып, 3 гол соқты.
Футболшы «Тобылдың» алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысты. Айта кетейік, қостанайлық команда Венгрияның «Акивтал» командасымен кездесу өткізді.