Зекет, пітір садақаларының ұлт мұқтаждығы үшін шығарылғаны абзал

None
None
ыздың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ХХ ғасыр басында жарыққа шығып тұрған ұлттық  баспасөзіміздің алтын діңгегі «Қазақ» газеті халқының рухын шыңдауда орасан зор еңбек сіңіріп кетті.


Газетті шығарушы алаштың біртуар көсемдері ұлттық тәуелсіздік идеясын қазақы қоғам арасына насихаттай отырып, туған жұртының  жан‑жақты сауатын ашуды басты мұрат тұтты. Ұзақ жылдарғы отарланудан кейін көмескілене бастаған ұлттық рухты қамшылау, жуасып қалған жұртшылықтың ұлтшылдығын түрткілеп ояту үшін қазақ зиялылары ортақ мақсатқа жұмылып, осы бағыттағы түрлі мәселені баспасөз жүзінде кеңінен талқыға салуды жүзеге асырып тұрған болатын. Әрине, осындай өзекті дүниелердің ішінде дін істері мен қазақтың өз алдына жеке мүфтилік болуы мәселелеріне де газеттен кеңінен орын бөлінгені белгілі.

Жалпы алаш тұсында көтерілген ұлт мәселелері терең зерделеуді, бастан‑аяқ қайта парақтауды талап етеді. Өйткені, сол тұстағы ұлтшылдық ұрандары Қазақ елінің қазіргі тәуелсіз мемлекет кезінде де өзектілік мәнін жойған жоқ. Соның ішінде ұлт,  дін мәселесі жайында сөз болғанда өткен ғасыр басындағы алаш зиялыларының пікірлеріне, лебіздеріне қайта‑қайта жүгінуге тура келеді. Шындығында да алаш қайраткерлерінің тағы бір артықшылығы дін мәселесін ұлттың мәселесімен бір деңгейде көтере білгендігі деп айтуға болады.  

1916 жылы «Қазақтың» 176‑шы нөмірінде газетке тұрақты хабар‑ошар жазып тұратын авторы Жиенғали Тілепбергенов елдегі дін жайын сөз ете отырып, пітір‑садақаларды дұрыс ұйымдастырып, оларды ұлт ісі секілді орынды шаруаларға жұмсау мәселесін көтерді. Автор осы мағынадағы ойын сабақтай келе: «Зекет, пітір сияқты құдайы садақаларды ел болып ұйымдасып, бір жерге жинап, мектеп, медресе ашып, тұп‑тура ғылым жұрттарының жолына жұмсауға жол бар ма?» деген сауалды оқығандардың ортасына тастайды. Көзі ашық діндарлардан осы мәселеге орай ақыл‑кеңес сұрай келе, газет бетінде пікір алмасуды өтінеді. Осыған орай, кейіннен «Қазақ» газеті редакциясына «Өтінішке жауап» деген атпен имамы, оқығаны, молдасы бар үш‑төрт жауап хаттар да келеді. Бәрінің жауабы бір ізден шыққандықтан да «Қазақ» басқармасы «А.Ж»‑деген бүркеншік есіммен жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың мақаласын толық жариялайды. Онда Ж. Аймауытов Құран‑Кәрім аяттарына сүйене отырып, пітір‑садақа берілуге жататын сегіз түрлі орынды анықтап жазады. Сол кездегі молдасымақтардың ондай садақа беру орындарын кеңінен насихаттап, үгіт ретінде айтпайтынына қынжылған Ж. Аймауытов,  молдалардың сондай  садақаны алдымен өздері дәмететінін сынға алады.  «Құран сөзі мен Құран дәлелін нәпсіге олжа қылмай ұстау керек. Ендігі сөзім, молдекелер‑ау, бұрынғы олжамыз да бойымызға құт, енді оны қойсақ та жарар. Һәм заман да бұрынғыдай емес, жұрттың көзі ашылып сәулеге таласып жатқан үміті бар заман. Көпке мәніміз көріліп дүние һәм ақыретке бірдей қор болып қалмайық десек, жарқыраған жамиғатты бүркейміз деп ұятты болмайық, балғаластар!», ‑ деп қорытады Ж. Аймауытов. Осылайша автор бір жағынан діни сауаттыларды ұлт ісіне атсалысуға, ел тұрмысын жақсартуға көмек беруге шақырады.

Дәл осы оқырмандар тарапынан көтерілген үлкен мәселеге қатысты «Қазақ» газетінің рухани басшысы Әлихан Бөкейханның да кеңінен толғаған мақаласы жарық көрген екен. Ұлт көсемінің сол кезеңдегі ораза, пітір‑садақа жайында айтқан пікірі қазіргі қоғамымыз үшін  де құнды. Оны мақаламен танысу барысында ұғынамыз. Сондықтан да, Ә. Бөкейханның «Рамазан айы жақындау тақырыпты» деген айдармен шыққан мақаласын оқырманға сол қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен...

  

Рамазан айы жақындау тақырыпты

«Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һәм ең құрметті айы болған  рамазан айы жақындау себепті әр кімнің аузына «Ораза болып қалды» деген сөздер кіре бастады. Бұл айдағы қылған құлшылық, істелген істердің «О дүниедегі сауабы сондай боладыны» қоя тұрып, біз мұның артықшылығын өзімізше һәм замана, адамшылық, ұлтшылық істері жағынан қарап, біраз тексеріп өтейік. «Ораза» деген атынан‑ақ басқа жақтары халықтың өздеріне де белгілі болар. Біз бұл орында ол ретін жазбай‑ақ өтуді лайық көрдік. Жалғыз‑ақ рамазан айы әр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір‑бірінің халдерімен танысуға, пақырлардың халдерін ескертіп, оларға жәрдем беруге, жұртқа теңдік‑құрдастық, ынтымақ‑бірлік, саулық‑тазалық һәм құлшылық‑құдайшылық сияқты істерді үйретуде басқа айлардан көрі көп артық. Сондықтан халық қасында басқа айларға қарағанда мұның қадірі, құрметі де зор.  Тек біз бұл орында біздің халық осындай қадірлі, қымбат айды немен өткізбек? Құдайшылық, құрдастық істерінде нендей іс көрсетпек болғанда, ондай көңілдің жіңішке жерінен шыққан қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек һәм кімге бермек деген сауалды шешумен ғана тоқтаймыз.

Мұны бізге баяндаудан мақсұт: рамазан айы кіргенде бүтін ислам дініндегі халық, оның ішінде әсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырысады. Маңдайының  терін сыпырып тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малдарын, пітір‑уәжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша құрмет ету һәм өздерінше пақырлардың халдеріне қайғырып, олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. Оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп, тесе қарап тексеріп келсек зекет, пітір һәм уәжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақыр қойшы‑қолаң, көрші яки бірер шәкірт мұғалімдер болып шықпайды. Пақыр, мұқтаж  жалғыз бұлар ғана емес. Өзіне‑өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне  келмей мұң‑мұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нәрселер шаруа мінез, күн көру турасында адам баласының ділгірлікке түсіп дағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың - ұлттың басында. Әсіресе, біздің қазақ сияқты білім‑өнерден  құралақан, оны берерлік білім жұртынан бос тұрған, оқушылары да аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық ‑  нағыз мұқтаждықтағы халық болып табылады. Мұндай пақыр халықтың оқу‑білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып, мұқтаждықтарын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерін екі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.

Құран кәрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:

1) Құранда аталған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығынан шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарам деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла Тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан.

2)«Ибн ассубилге» беріңдер деген. Бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар (Ә. Бөкейхан бұл жерде «нақықсыз туған балаларды» ‑ «бұл бізде жоқ, шаһарлы жерлерде көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кетеді» деп көрсетеді) кіреді. Бұлай туған балаларды тәрбие етуді  жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылғанын,  жұрттарға ұсынылатындығын көрсетеді.

3) «Фи субил‑аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы барша шәкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді. Бұл үшінші орында жоғарғы айтылған екі орыннан көрі садақаларды халық мұқтаждығына жұмсау ашығырақ баян етілген.

4 )  «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл бұрыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар.

Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла Тағала адам баласын  ділгірліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгірліктің бірі. Бесінші реттен көрсетіп мұны да айтып өтейік. Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жете алмайсыңдар деп, бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге шақырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісі ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп‑садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.

Енді біздің халықтағы құдайы садақалардың көбі осы құрметті рамазан айында өтелінуге ыждихат етілетін болғандықтан, біз рамазан айы жақындау тақырыпты мұндай реттерді баяндап халқымызға ұсынуды өзімізге лайық көрдік. Міне, халық, садақа берілетін орындар осы айтылған негізді жолмен болады. Ендігі іс өздеріңде. Әшірдікі де осы айтылған орындар. Менің бұл жазған сөздерім  176 нөмір «Қазақтағы» жазылған Жиенғали мырзаның өтінішіне жауап болса керек.

                                                                                              Әлихан.»

Соңғы жаңалықтар