Зайырлы мемлекеттегі дəстүрлі дін: Әлемдік тəжірибе жəне Қазақстан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені айшықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген жəне сенім мəселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады.

Жалпы, мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін басты орынға қоя ма? Меніңше, бұл пікір тудыратын мəселе, өйткені мемлекеттің діннен бөлінуі шарт емес. Қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі анық көрінеді.

Осы мəселеде Түрікменстан Республикасы Конституциясының 11-бабында көрініс тапқан «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» деген ой шындыққа жанасады. Діннің қоғамдағы алатын орны мен маңызы қазіргі күндегі заманауи елдердің Конституцияларында «зайырлы» ұғымының көрініс табуына тəуелді емес.

Мəселен, көптеген əлем елдерінің негізгі заңдарында жəне тарихи өткеніміз бір ТМД-дағы Ресей, Украина, Беларусь елдерiнiң Конституцияларында «зайырлы мемлекет» ұғымы мүлдем көрсетiлмеген. Мемлекеттің дiннен бөлiнуі екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмесе керек.

Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мына ұстанымды ескеру керек: мемлекет қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек.

Егер ойымызды осы бағытта тарқатар болсақ, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей жəне тең екенін көреміз. Бұл, өз кезегінде, қарамақайшылықты пікірлерге орын береді. Мəселен, Қазақстанда ел тұрғындарының діни сенімдерінің басым бөлігін құрайтын ислам жəне православие діндерінің үлесі 97 пайызды құраса, елімізде тіркеуден өтіп, өз қызметтерін атқарып отырған басқа діни бірлестіктердің барлығының алатын үлесі небəрі 3-4 пайызды ғана құрайды екен.

Демек, еліміздегі дəстүрлі дін болып саналатын іргелі діндер мен жаңа діни ағымдардың мəртебесі жəне олардың мемлекет өмірінде алатын орны бірдей бола алмайды жəне олай болуы тиіс те емес. Әлемдік тəжірибеде, біз үлгі тұтатын Батыс елдерінің өзінде, мемлекеттің дəстүрлі діни сенімге қатынаста басымдық беретін мысалдары көп. Мəселен, Норвегия Конституциясының 2- бабы евангельдік лютеран шіркеуін елдің мемлекеттік діні ретінде орнықтырады. Мемлекет шіркеудің барлық шығындарын өз мойнына алады жəне осы елдегі барлық балабақшалар мен мектептер заң бойынша «Мораль жəне христиандық тəрбие» пəнінен сабақ өткізуі тиіс. Ал, Норвегияның дамыған ел ретінде демократиялық жүйесі мен жетістіктеріне ешкім шек келтірмесі анық. Егер демократияны адам жəне азамат құқы мен бостандығы жүзеге асатын саяси институттар, нормалар мен құндылықтар жүйесі ретінде алар болсақ, сенім бостандығы идеясының онымен бірге көрінетін егіз құндылық екенін көрер едік.

Дегенмен, мұнда таразының екінші басында, кез келген мемлекеттің өзінің сан ғасырлық ұлттық ерекшеліктері мен рухани жəне діни кеңістігінің тұғырын құрайтын құндылықтарын сақтап қалуға деген мүддесі тұратыны тағы анық. Ал, Мемлекет және дін деген мүддеге барлығымыз құрметпен қарауымыз керек екендігі талас тудырмасы анық. Біздің елімізде мемлекеттің негізгі ұйытқысы болып табылатын қазақ ұлтының сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан ислам дініне қатысты принциптi ұстанымын жасақтаудың өзектілігі күн тəртібінде тұрған мəселе болатын.

Мəселен, ТМД-дағы көршілеріміз Ресей Федерациясының дiн туралы заңында «Ресей тарихындағы, оның қалыптасуы мен дамуындағы православиенiң ерекше рөлiн мойындай отырып» деген сөздер нақты көрсетілген болса, тілі де, діні де бір Түрікменстанның дін саласын реттейтін заңында «Түрікменстанның көп ғасырлық тарихындағы мұсылмандықтың ерекше рөлін мойындай отырып» деген аталы сөздер тайға таңба басқандай көрсетілген.

Сондықтан еліміздің «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» жаңа қабылданған заңда қазақ халқының дəстүрлі дiнiне қатынастағы мемлекеттің ұстанымы айқындалды. Бұл өте дұрыс қадам, өйткені мемлекет, ең бiрiншiден, өзiн құраушы ұлттың тұтастығын қамтамасыз етіп, оның тарихи санасын, салт-дəстүрлерi мен мəдениетiн қорғауы жəне дамуына көмектесуі шарт.

Мейрам Иманбаев, исламтанушы

Соңғы жаңалықтар