Зайсанда браконьерлер инспекторларға шабуыл жасады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Көкпекті ауылына қарасты Тассай ауылының бірнеше тұрғыны заңсыз балық аулау кезінде қолға түсіп, инспекторлардың қайығын аударып жібермек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық уылдырық шашатын маусым болғандықтан, қазір Зайсан көлінде қармақ салып, ау құруға болмайды. Бұл тыйымды елемеген Тассай ауылының бірнеше тұрғыны рейд барысында қолға түскен. Кештетіп көл аумағын тексеруге шыққан 2 инспектор заңсыз балық аулаушылардың қарсы шабуылына тап болады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сан басымдығына арқаланған браконьерлер комитет өкілдеріне бейәдеп сөздер айтып, доқ көрсеткен. Тіпті ескекпен ұрып, қайықтарын аударып тастамақ болған.

Артынша бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті де растады.

«Бұл оқиға Зайсан көлінің Базар учаскесінде, 23 сәуірде кешке болған. Браконьерлер заңсыз әрекеттерінің үстінен түскен инспекторларды балағаттап, күш қолданатындарын айтып, қарсылық танытқан. Кикілжіңге қатысқан тұрғындардың кім екені анықталды. Барлығы да Тассай ауылының тұрғындары. Бұл іс бойынша жеке тексеру басталды. Олардың үстінен инспекторларға күш көрсеткені үшін сот алды тергеу тағайындалды» - делінген департаменттің мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар