Зәуреш Балкенова консультациялық-диагностикалық көмек алу туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының кеңесшісі Зәуреш Балкенова пациенттің консультациялық-диагностикалық көмек алу бағыты туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Консультациялық-диагностикалық көмек амбулаториялық түрде де, стационарлық түрде де алуға болады. Егер сізге шұғыл көмек қажет болса, консультациялық-диагностикалық көмек сақтандырусыз жүзеге асады. Яғни, сізді жедел жәрдем көлігі ауруханаға жеткізген болса, сіздің денсаулық жағдайыңызды түсіну және алғашқы диагноз қою үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, тағайындауы керек. Кардиолог қасыңызға келіп, ЭКГ-ге түсіріп, жалпы қан талдауын алуы керек. Демек жүргіңіздің жағдайы қалай екенін білуге қажетті шараларды атқаруы керек», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының кеңесшісі Зәуреш Балкенова ZOOM платформасында өткен «Тар бейінді мамандардың кеңестері және COVID-19 диагностикасы: кепілдендірілген медициналық көмек пакеттері мен міндетті медициналық сақтандырудың мүмкіндіктері» атты онлайн-дәріс барысында.

Егер адам Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысушысы болса, оларға тар бейінді мамандар тегін түрде кеңес береді.

«Ең алдымен учаскелік дәрігерге барасыз. Ол сіздің денсаулық жағдайыңызды қарайды. Қажет болған жағдайда, мысалы, жүрегіңіздің жағдайына қатысты сұрақтар туындаса кардиологқа жолдама береді. Сізді кардиолог қарап, жүрегіңізде ақау бар-жоғын анықтауға қажетті талдау жұмыстарын жүргізеді. Егер сіз МӘМС арқылы сақтандырылған болсаңыз – барлық талдау жұмыстары тегін жүзеге асырылады», - дейді ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар зозылмалы ауруы бар пациенттерге (онкология, туберкулез және т.б. аурулар) медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Коронавирус, менингит сияқты қоғамға қауіп төндіретін инфекциялық аурулары барларға МӘМС арқылы сақтандырылған-сақтандырылмағаныңызға қарамай көмек көрсетіледі.

«Консультациялық-диагностикалық көмек учаскелік дәрігер немесе жалпы практика дәрігері арқылы жүзеге асады. Егер әлдебір дерт бойынша диспансерлік есепте тұрған болсаңыз – терапевтің жолдамасы қажет емес. Егер қант диабеті, артериялық гипертензия, гепатитімен ауырсаңыз – терапевтің жолдамасы қажет емес. Кейде диагнозды бірден қою қиын болады,сондай жағдайда бірнеше дәрігерге жіберуге тура келеді», - дейді Зәуреш Балкенова.


Соңғы жаңалықтар