Зәуреш Аманжолова: 2020 жылы отандық денсаулық сақтау саласында жаңа дәуір басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - МӘМС жүйесінен депутаттар не күтеді? Мәжілісмендер үшін Медициналық сақтандыру қорына кім ақша аударады және олар қайда емделеді? Осы сауалдарға дәрігер, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова жауап берді. Сондай-ақ, Зәуреш Жұманәліқызы жаңа реформаның отандық денсаулық сақтау жүйесіне әсері жайлы пікірімен бөлісті.

- Зәуреш Жұманәліқызы, санаулы айдан соң МӘМС жүйесі толық іске қосылады. Сіз қай медициналық мекемеге тіркелдіңіз, қайда емделесіз?

- Мен Нұр-Сұлтан қаласында қызмет бабына байланысты ҚР Президенті іс басқармасының Медициналық орталығында тіркеу ережесіне сәйкес медициналық көмек қабылдаймын. Ал отбасым Алматы қаласында тұрады. Олар тұрғылықты мекен-жайына қатысты жергілікті дәрігерлік амбулаторияда тіркелген. Ал қажетті жағдайларда кейбір сараптамаларды жеке клиникаларда ақылы жасатамыз. Дәрігердің кеңесімен дәрі-дәрмектерді сатып аламыз. Жалпы, менің отбасым тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін пайдаланады.

- Сіз үшін Міндетті медициналық сақтандыру қорына Парламент жарна төлей ме?

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңына сәйкес әрбір жұмыс беруші өз жұмысшыларына ай сайын қорға жарна аударады.

- Елімізде азаматтардың емделуге жұмсайтын жеке қаражаты денсаулық сақтау ісіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын құрайды екен. МӘМС жүйесі енгізілсе, жұрттың қалта шығыны үнемделуі мүмкін бе?

- Кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмек шеңберінде қазақстандықтар медициналық қызмет ала алады. Сонымен қатар әрбір адам басқа мемлекетке барып ем алуына немесе елімізде медициналық мекемені таңдауға (ақылы, тегін) құқы бар.

Адамдардың жеке меншік клиникаларға бару себебі:

- ұзын-сонар кезек күткісі келмейді;

- кейбір бейінді мамандардың мемлекеттік клиникаларда жетіспеушілігі, осы мамандарға кезектің ұзақтығы;

- кейбір лабароториялық сараптама қызметтерінің тек ақылы түрде көрсетілуі;

- функционалдық-диагностикалық аппараттарының жетіспеушілігі; (МРТ, КТ т.б.).

Ал МӘМС іске қосылса отбасылық бюджеттен емделуге жұмсалатын шығын міндетті түрде үнемделеді. Медициналық сақтандыру бойынша қымбат диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық деңгейдегі зерттеулер мен емдеу процестері, реабилитация және паллиативтік көмектер кең көлемде көрсетіледі. Себебі, мемлекеттен бөлек қордан да қосымша ақша бөлінеді де, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасын арттырады.

Бұл жүйеде денсаулыққа жауапкершілікті мемлекетпен қатар жұмыс берушіге және адамның өзіне де жүктеледі.

Сонымен қатар, МӘМС халыққа өте үлкен әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, 15 әлеуметтік санатты топқа медициналық жарнаны мемлекет төлейді. Олардың құрамында:

- зейнеткерлер, көп балалы отбасылары, 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер, мүгедектер, жұмыссыздар, бала күтімімен отырған әйелдер т.б. санаттар жатады.

Бүгінгі таңда осы санаттағылар саны 10,5 миллион адам, олардың ем-домын мемлекет толық өз мойнына алып отыр.

- 2020 жылы отандық медицина саласында тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- 2020 жылы медицина саласында көптеген өзгерістер күтілуде, олар:

- Денсаулық сақтау министрлігі Парламент Мәжілісіне Кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмектің жаңа моделін ұсынып, заң жүзінде қабылдады.

- Денсаулық сақтау министрлігі 2020-2024 жылдарға арналған Мемлекеттік жаңа бағдарлама қабылдап отыр.

- Медицина саласын цифрландыру жүйесі де қарқын алып отыр;

- Дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың шекті бағдалармен сатылуын қаматамасыз ету:

- Бастысы, Медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көшу. Бұл орайда мемлекеттік мекемелермен қатар жекеменшік медициналық мекемелер де бәсекеге түсе алады. Әрине, бәсеке бар жерде жауапкершілік артып, сапа да жақсарады. Адамдар қызметтің сапасына қарай емхананы өздері детаңдай алады.

- Депутаттар іссапармен аймақтарға шығып, халықпен кездеседі, жұрт МӘМС қалай қабылдауда?

- Азаматтар бұл реформаны әртүрлі қабылдауда. Әрине халыққа жан-жақты түсініктеме жұмыстары жүргізілуі қажет. Қазіргі таңда министрлік тарапынан бұл жұмыстар кең көлемде өткізілуде. Сайлаушылармен кездескенімізде, жұрт ең алдымен аурухана, емханадағы кезектің жойылуын, бейінді мамандармен қамтылу мәселелерін шешу жолдарын қарастырып, жоспарлы ем алу үшін берілетін квотаның мерзімін қысқа мерзімде қаралуын өтінеді.

- «Жеке клиникада ғана ақылы ем қабылдаймын, маған медициналық сақтандырудың қажеті жоқ, қорға босқа ақша төлеуім тиіс пе?» дейтін азаматтар бар. Мұндай адамдар қайтеді?

- Жоғарыда айтылғандай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті түрде жарна аударылуы тиіс. Жұмыс істейтіндерге жұмыс берушілер, ал ешқайда тіркелмеген адамдар өз бетінше жарна аударуы қажет. Кейбір ірі мекемелер немесе холдингтер қосымша ерікті медициналық сақтандыру жүйесінде де медициналық көмек алғылары келсе, оған да шек қойылмайды.

- Қарағандыдағы пилоттық жобаны қолдайсыз ба, МӘМС сынақтан өткізудің қажеті бар ма?

- Қарағанды облысындағы МӘМС пилоттық жобасы өте орынды іске қосылды. Кез келген жоба сынақтан өтуі керек. Еліміз бойынша бұл облыстағы медицина саласы мен цифрлық ақпараттық жүйе жақсы дамыған. Еліміздегі жоғарғы деңгейдегі медициналық университеті де үлкен үлесін қосып отыр.

- Зәуреш Жұманәліқызы, бұрынғы дәрігер ретінде cіз МӘМС жүйесіне қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

- Қазақстан дүниежүзілік үздік тәжірибені ескере отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделін енгізіп отыр.

Бұл:

- Денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын,

- Медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін,

- Медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.

Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры аударымдарының көлемі бойынша ең қолайлы жағдай жасалған.

Қазіргі күннің басты мақсаты lенсаулық сақтау саласын цифрландыру жүйесін жоғары дейгейге арттыру, шалғай ауылдарда интернет жүйесін дамыту болып отыр.

Бұл республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, және ауылдық дәрігерлердің бір-бірімен интеграциялық процессін жақсартып, аурудың емделу процесінен хабардар болуына әсерін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар