Зәулім үйлерді салып рухани жаңғырмаймыз - Ерлан Қошанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірдегі кәсіпкерлер туған еліне, жеріне қалай қол созып, көмектесіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарқаралы ауданының тумасы, кәсіпкер Нұрлан Қалтаев деген азаматты да айтқым келеді. Ол өзінің туған ауылы - Қояндыда спорт алаңын салды. Өз қаржысына алғашқы болып ауданда отбасылық балалар үйін ашты», - дейді облыс басшысы.

Ерлан Қошановтың айтуынша, бір кездері мектеп бітіріп кеткен жастар қазіргі таңда туған ауылын көтеруге білек сыбана кіріскен.

«Тағы бір жақсы мысал келтіруге болады. Мәселен, бұрынғы сыныптастар - түлектер мектеп бітіргенімізге 10 жыл, 20 жыл болды деп, өздері бас қосып жатады. Қазір біздің көптеген ауылдарда, елдімекендерімізде бір қуантарлығы - олар баяғыдай банкет жасап, ас ішіп, аяқ босатып емес, банкетке жұмсайтын қаржыларымен мектептерге, ауылдағы әлеуметтік нысандарға көмектерін көрсетіп, заманауи құрылғылар алып беруге күш салуда. Бұл әлбетте, қуантарлық жағдай. Менің ойымша, сананың жаңғыруы деген осы», - дейді Ерлан Қошанов.

Өңір әкімінің айтуынша, жастарды ешкім де күштемеген.

«Өздерінің ниеттерімен ауылдарына деген көмегін көрсетіп жатыр. Мен бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты көрінісі деп ойлаймын. Зәулім сарайлар немесе Қарағандының орталығынан үлкен үйлер салып біз рухани жаңғырмаймыз. Осындай азғантай ғана болса да іспен, шын жүректен шыққан ниетпен біздің халқымыз рухани жаңғырады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар