Зарина Дияс US Open турнирінде әлемнің 2-ракеткасына есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс US Open турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 2-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарсыластар бұдан бұрын, 2013 жылы Куала-Лумпурда өзара кездесіп, онда Э.Барти жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған Зарина бірінші партияда тамаша өнер көрсетті.

Қос бірдей брейк жасаған қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға шықты. Содан кейін ғана Э.Барти өз геймін алды. Дегенмен З.Дияс босаңсыған жоқ – 6:1.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіді. Есеп 4:3 болған мезетте Э.Барти брейк жасап кетті. Сосын өзі доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда Э.Барти брейкпен алға шықты – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Ақыры ол жеңісті уысынан шығарған жоқ – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды.

Э.Барти екінші айналымда әлемнің 73-ракеткасы, америкалық Лорен Дэвис немесе рейтингте 171-сатыда тұрған швециялық Юханна Ларссонның біреуімен кортқа шығады.

Жарыстың алғашқы күні тағы бір қазақстандық, рейтингте 69-сатыдағы Елена Рыбакина әлемнің 44-ракеткасы, чехиялық Каролина Муховамен күш сынасады.

АҚШ-тың ашық чемпионатында жекелей сында сондай-ақ Юлия Путинцева, ерлерден Михаил Кукушкин мен Александр Бублик кортқа шығады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Ю.Путинцева бастапқы матчын рейтингте 78-орындағы америкалық Мэдисон Брэнглмен өткізеді. Рейтингте 47-сатыдағы М.Кукушкин әлемнің 10-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасады. Ал әлемнің 75-ракеткасы А.Бубликтің екінші айналымға шығатындай мүмкіндігі бар. Ол негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған рейтингте 232-орындағы колумбиялық Сантьяго Хиральдоның шамасын байқап көреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың US Open турнирінде әлемнің 2-ракеткасымен кездесетінін, Елена Рыбакинаның негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар