Зарина Дияс Ролан Гаррос турнирінде жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингіде 76-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 35-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен кездесті. Зарина биыл 27-ге толатын болса, қарсыласы одан бір жасқа кіші еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте тунис теннисшісі брейк жасап, сосын өз геймін ала білді – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте О.Жабер брейкпен алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 4:1. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 47 минутқа созылды.

Осылайша Франция ашық чемпионатына жекелей сында қатысып жатқан бес қазақстандық теннисшінің төртеуі алғашқы айналымнан сәтті өтті. Тек З.Дияс қана жарыс жолынан шығып қалды.

О.Жабер екінші айналымда рейтингіде 84-сатыдағы жапониялық Нао Хибиномен кортқа шығады. Жапониялық спортшы рейтингіде 119-орындағы украиналық Марта Костюкті 6:4, 6:0 есебімен тізе бүктірді.

Осының алдындағы Рим турнирінде З.Дияс дәл осы Н.Хибинодан ұтылып қалса, кейін Е.Рыбакина соның есесін қайырған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик Ролан Гаррос турнирінде әлемнің 9-ракеткасын ұтты, Е.Рыбакина жарысты сәтті бастаған еді.




Соңғы жаңалықтар