Зарина Дияс Истбурнның негізгі турниріне өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Истбурнның негізгі турниріне өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 59-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен кездесті. Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда ресейлік теннисшінің жолы болды - 7:6 (7:4). Екінші сетте Зарина 4:1 есебімен алда тұрды. Алайда сол басымдылығын пайдалана алмады. Мұнда да В.Кудерметова сәтті ойнады - 7:5.

Тартысты бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды.

Осылайша З.Дияс Истбурнның негізгі жарысынан тыс қалды. Дегенмен, ендігі мақсат - 1-14 шілде аралығында өтетін Уимблдон жарысында сәтті өнер көрсету. Алдағы аптада осы турнирдің іріктеу сындары басталады.

Ерлер арасында Истбурнның іріктеу сайысына Александр Бублик қатысуда. Ол бастапқы кездесуін канадалық Стивен Диаспен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцева Бирмингем турнирінің жартылай финалына өте алмаған болатын.

Соңғы жаңалықтар