Зарина Дияс: Елімнің намысын қорғағаным үшін бақыттымын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20-21 сәуір күндері Лондонда Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңінде Ұлыбритания және Қазақстан әйелдер құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Қазақстан құрамасы сапында алдағы матчқа Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Галина Воскобоева және Анна Данилина дайындалуда.

«Біз Лондонға бір апта бұрын ұшып келдік, хард жабынына үйрендік, бәрі жоспар бойынша өтуде. Ағылшындар өз кортында ойнағанымен, Ұлыбритания мен Қазақстан - күші жағынан тең құрамалар. Сондықтан кім дұрыс шешім қабылдап, бар күш-шеберлігін салса, сол жеңеді. Ең бастысы, Азиядағы іріктеу кезеңінде көрсеткеніндей, қыздарымыз өздерінің жеңетініне сенімді болуы керек. Нұр-Сұлтанда Қытай құрамасымен өткен финалдық кездесуде әр ұпай үшін күресіп, соның нәтижесінде плей-офқа жолдама алдық», деді құрама капитаны Диас Досқараев.

Өзінің Лондонда екендігін Зарина Дияс та Инстаграмдағы парақшасында жазды.

«Өз елімнің намысын әлемдік деңгейде қорғағаным үшін мың есе бақыттымын», - дейді қазақ қызы.

Сонымен қатар З.Дияс жуырда ITF қолдауымен Heart Award аталымын ұтып алғанын хабарлаған. Бұл жүлденің қаржысын ол @miloserdie_dom қайырымдылық қорына аударған.

«Қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл маған күш қосып, жеңіске жігерлендіреді», дейді Зарина өз жанкүйерлеріне.

Қазақстан әйелдер құрамасы Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңіне осымен үшінші мәрте жолдама алып отыр. Бұдан бұрын Франция (2013) мен Канадада (2017) өнер көрсеткен еді .

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ерлер арасында Александр Бубликтің Мексикадағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Монте-Карло турнирін сәтті бастағанымен, үшінші айналымға шыға алмай қалды.

Соңғы жаңалықтар