Зардап шеккендердің қарызын кейінге қалдырудың 2 нұсқасы ұсынылады – агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендердің қарызын кейінге шегерудің екі түрлі нұсқасы ұсынылады. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарызды кейінге қалдыру үшін қарыз алушы кез келген қолжетімді байланыс тәсілімен немесе кредиторға жеке бару арқылы еркін формада өтініш жазуы қажет. Бұл – 2022-2021 жылдардағы пандемияда қолданылған кейінге шегерудің өте икемді жолы. Осы кезеңде кейінге шегеруді 2,5 млн-нан астам азамат немесе жеке тұлғалар арасында барлық қарыз алушылардың 3,8%-ы пайдаланды, кейінге қалдырылған төлемдер сомасы 270 млрд теңгеден асады. Барлық зардап шеккен қарыз алушыларға өтініш жасауға жеткілікті уақыт беру үшін өтініш үш ай ішінде, яғни 2022 жылғы 5 сәуірге дейін қабылданады», - деді А. Терентьев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл ретте, өтініш берілген күнге қарамастан, несиені кейінге шегеру ТЖ режимі енгізілген күннен бастап беріледі.

«Біз тәртіпсіздіктер кезінде ең көп зардап шеккен қарыз алушылар үшін өз бизнесін қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болатынын түсінеміз, сондықтан несие беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша 3 айлық кейінге шегерудің орнына басқа ұзақ мерзімді кейінге қалдыру мерзімі белгіленуі мүмкін. Қазір қарыз алушылар үшін кейінге шегеру мерзімі аяқталғаннан кейінгі несие өтеу тәртібі маңызды мәселе болып отыр. Қарыз алушыға кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің екі балама тәсілін таңдау ұсынылады. Біріншісі – бұрын кейінге шегерілген төлемдерді қарыз мерзімінің соңына дейін біркелкі бөлу немесе несие бойынша қазіргі төлемдердің мөлшерін сақтау үшін қарыз мерзімін ұлғайту. Кредиттік ұйымның келісімімен қарыз алушыға өзге кесте белгіленуі мүмкін», - деді спикер.

Агенттік өкілі несие бойынша кейінге шегерумен байланысты қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша екі маңызды шартты атап өтті. Біріншісі – несие ұйымдары қарыз алушылардан несиені кейінге қалдыруға байланысты операцияларды жүргізу кезінде ешқандай комиссиялар мен басқа төлемдерді алмайды. Екіншісі – кейінге қалдыру кезеңінде кредиторлар қарыз алушылар бойынша жұмыс жүргізе алмайды, оның ішінде оларды мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабардар ете алмайды.


Соңғы жаңалықтар