Зар-заманның зұлматы ұлт жадынан ұмытылмақ емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХХ ғасыр басында қазақ халқы өз тарихындағы аса ауыр қасіретке толы алапатты аштықты басынан кешті. Ұлт басына түскен нәубетті қазақ «ұлы жұт» деп атап кеткені де рас. Қазақ халқы санының тең жартысына жуығын жалмап кеткен осынау нәубет туралы талай шындық айтылды, талай-талай сұмдықтар да аршылды. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық бір жақтан алғанда, елдің еңсесін көтертпестен, тұқыртып тұқымын біржолата құрту саясаты одан сайын ұшталып, кейіннен қуғын-сүргінге ұласты. Осынау қазақтың басында болған қасіретке толы кезеңді ұмытпау, естен шығармау мақсатында 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.

Ашаршылық қанша қазақты жалмады?

1920 жылдары сол кездегі биліктің солақай саясатынан бастау алып, кейіннен қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан болған экономикалық, демографиялық зардаптардың Қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын дәлелдеп жату артықтау. Тарихшылар мәліметі бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Атырауға дейінгі аумақты тұтастай шарпып, қазақ халқы жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалды. Жұрт босты, шетел ауды. Қазір Атажұртын аңсап жүрген шетелдегі қандастарымыздың басым бөлігі сол жылдары тағдыр тауқыметінен туған жерін тастап, жан сауғалағандар һәм солардың ұрпақтары. Ал осынау қолдан жасалған алапат қазақ ұлтының қаншамасын опырып кетті? Бұған қатысты дәлме дәл, нақпа нақ деректер әлі де нақтылауды, архивтер әлі де аршуды қажет етеді. Дегенмен, зұлматты жылдарға көз жүгірткендер жағаны ұстататын деректерді алға тартады. Айталық, халық жазушысы, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл зұлмат жылдары 3 млн. 200-700 мыңға дейінгі аралықта қазақ қырылғанын айтады. «Өткен ғасырдың әр мұрағаттан төбе көрсетіп қалатын деректеріне жүгінсек, ашаршылық алдымен Батыс Қазақстанды шарпыған. 1922 жылы Орынборда - 437776, Қостанайда - 252816, Ақтөбеде - 359326, Оралда - 277835, Бөкейде - 100 мың, Адай уезінде - 75 мың адам аштан бұратылды. Батыс Қазақстандағы халықтың 31,4 пайызы қырылды. Егер осы өлкедегі бес губернияда сол тұста 2 млн. 653300 адам болса, оның 800 мыңға жуығы көз жұмған. Мүрделер өзен бойында, ауыл араларында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жан түршігетін құбыжық көрініс еді», - дейді депутат А. Смайыл. Оның сөзіне қарағанда, 1917 жылы Қазақстанда 5 миллион қазақ болса, оның 1 миллион 500 мыңы 1921-1922 жылдардағы аштықта қырылған. Сонда тірі қалғаны - 3 миллион 500 мың. Ал 1932 жылғы аштықта алғашқы зұлматтан әупіріммен сау қалған 3,5 миллион адамның тең жартысы апат болғаны анық. Ендеше 1939 жылы 1 миллион 750 мың қазақ қана жер басып жүрген. «Тұтастай алғанда, көп деректерден сараласақ әр жылдардағы аштықта Қазақ халқы 3 миллион 250 мың адамнан айырылған. Жанұшырған шындық осындай. Жанталастырған жендет жылдардың ақиқатынан ақылың адасқандай. Біздің осы есебіміздің дұрыс екендігіне шетел ғалымдарының деректері де дәлел бола алады. Батыс зерттеушісі Р.Монвест 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам өлді дейді. Осы жерде «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерге де көз салайық. Энциклопедияда 1926, 1937 жылдардағы санақтарда олқылықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріп, әр түрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғаны әділ ескертіледі. 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн. 200 мың адамнан асып түсті делінеді. Осы 2 млн. 200 мыңға 1921-1922 жылдардағы зұлматтың 1 млн. 500 мың боздағын қоссаңыз, 3 млн. 700 мың болып шығады. Сонымен жыртқыш жылдардың адам шығыны - 3 млн. 200 мың немесе 3 млн. 700 мың. Кейбір тарихшылар шетелдерге ауды деп есептейтін 1 миллион адамды осы көрсеткішке қоссақ та, одан аштықтың қасіреті азаймайды. Дегенмен, бұны соңғы дерек деуден аулақпыз», - дейді А. Смайыл.

Ұлтты жою саясаты ғасырлар бойы ұрпақ санасынан өшпейтін ұлы қасірет

Осынау қасаң жылдардағы қасіретті кезеңнің 1932 жылы шарықтау шегіне жеткені де шындық. Сондықтан да, Елбасы Н. Назарбаев ұлт басындағы қасіретті жылдарды естен шығармау қажеттігін айтып, 31 мамырды атаулы күн ретінде белгілеген. Шындығында, бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықпен қоса, Кеңестік солақай саясаттың ашықтан ашық құрбанына айналғандары қаншама. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әр түрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642-сі ату жазасына кесілген екен.

Расында, «мың өліп-мың тірілген» қазақ халқы талай нәубетті бастан кешіп, амандықта қалып, мәңгілігін дәлелдеді. Оны дәлелдеу жолында да қаншама арыстарымыз құрбан болды. Ендеше, ұлт үшін өмірін қиған, жазықсыз жапа шегіп, айыпсыз атылған боздақтардың рухына тағзым ету біздің парыз. Мемлекет басшысы өзі­нің бір сөзінде: «Репрессия жылдарында аяу­лы да абзал азаматтарымыздың жойыл­ға­ны - большевизмнің бетіне басылар қа­ра таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытыл­май­тын қасіретіміз» деген болатын. Сон­дық­тан да ұмытылмайтын қасіретімізді ұр­пақ жадында мәңгіге қалдыру шараларын тереңдете түсудің маңызы зор. Ендеше, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ұлы қырғынға ұшыраған ұлтымыздың ұлан­дарын еске түсіріп, олардың рухы алдында ілтифат білдіргеніміз абзал.

Соңғы жаңалықтар