Заңсыз жұмыс істеген қостанайлық косметолог сотта жауап берді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында фармацевтика қызметімен заңсыз айналысқан әйелге қатысты сот ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімет еткендей, Қостанай тұрғыны былтыр косметолог жұмысымен заңсыз айналысып келген. Алайда ол «Мейірбике ісі» мамандығын бітірген. Соған қарамастан косметолог қызметіне тұрып, келушілерге дәрігерлік процедуралар жүргізген.

«Департамент 45 жастағы әйелдің шағымы бойынша тексеру жүргізді. Анықталғандай, медбике 2019 жылдың мамыр айынан қараша айына дейін қала салондарының бірінде косметолог қызметін атқарған. «Косметолог» теріні тегістейтін және әжімдерді жоятын инъекция салып келген. Бірақ бірнеше уақыттан соң сұлулық салоны келушісінде асқынулар пайда болған. Жүргізілген тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Ол мемлекеттік лицензиясыз заңсыз медициналық қызметті жүзеге асырған, сондай-ақ оның клиникалық практика маманына берілетін сертификаты болмаған», - дейді департамент басшысының орынбасары Жанат Шоқым.

Санитарлық ережелерге сәйкес емдік-косметологиялық процедураларды дерматолог-дәрігер орындауы тиіс. Заң бойынша мейірбикеге тиесілі жұмыстар дәрігердің тағайындауымен, бақылауымен және басшылығымен жүзеге асырылады.

Департамент «косметологқа» заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметі үшін әкімшілік жаза белгілеген. Алайда ол департамент шешіміне қарсы шығып, сот алдына барды. Сот заң бұзған әйелді кінәлі деп танып, айыппұл төлеу туралы үкім кесті.


Соңғы жаңалықтар