Заңсыз шерулерде 500-ден астам адам жауапқа тартылды - ҚР ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 9-10 маусым күндері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митингілер  үшін 500-ден астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

«Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сот тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының жақтастары өздерінің шетелдік басшыларының нұсқауымен сайлау кезінде қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыру үшін заңсыз митингілер ұйымдастырды. Осыған байланысты, көптеген әлеуметтік желілер бар, түрлі ақпарат құралдарын пайдалану арқылы азаматтарымызды шеруге қатыстыру арқылы түрлі құқықбұзушылыққа итермеледі. Салдарынан азаматтар көшеге шықты», - деді ІІМ өкілі Үкімет үйінде журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, тәртіп бұзғандар ішкі істер органдарына жеткізілді және олардың бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Өздеріңіз білесіздер, қызметкерлер тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенімізбен, үш қызметкер жарақат алды. Екеуіне тас тиді, біреуінің көзін шығарды. 9 маусымда Алматы мен Астана бойынша 500 адам ұсталып, олардың 400-і жауапқа тартылды. Екінші күні - 200 адам ұсталып, шамамен 150-іне әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі күні заң бұзған азаматтардың барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді. Әкімшілік жаза қолданып, профилактикалық жұмыс жүргізілген соң, үйлеріне қайтарылды», - деді Нұрділдә Ораз.

Соңғы жаңалықтар