Заңсыз нөмірмен көлік жүргізу ауыр қылмысқа апарады - Мәжіліс депутаты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов елімізде мемлекеттiк тiркеу нөмiрiнсіз немесе жалған, қолдан жасалған белгілерді тағып, көлік жүргізу фактілері кең етек алғанына назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз, ең алдымен халықтың талап-тілегін орындап, осындай бұзақылықпен күресуіміз керек. Бүгінгі таңда мұндай заңбұзушылықтарға Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерде бірқатар жаза қарастырылған. Алайда, жауапкершіліктің жұмсақтығы халық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған орай, қазіргі таңда Мәжілісте заңнамалық нормалар қайта қаралып, жауапкершілік күшейтіліп жатыр. Өйткені, заңсыз нөмірмен немесе мүлдем нөмірсіз көлік жүргізу ауыр қылмыс жасауға апаруы мүмкін»

, - деді депутат.

Шымкентте өткен көшпелі отырыста қаладағы ішкі істер саласын жетілдіру мәселесі талқыланған болатын. Оған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов, қала әкімі Мұрат Әйтенов пен құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.

Мемлекет басшысының жолдауында заң үстемдегін орнатуға баса назар аударылғаны белгілі. Осы орайда, депутаттар құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге және жол-көлік оқиғаларын азайту үшін заңды қатаңдатуға ерекше мән беріп отыр.

Атап айтқанда, «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодекс негізінде заңсыз мемлекеттiк тiркеу нөмiрiн қолданғандарға 5 - 400 айлық есептiк көрсеткiш (15315 - 1225200 тг) мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал, Қылмыстық кодекс бойынша көлік нөмірін қолдан жасау немесе жалған нөмір пайдалануға 2 мың АЕК (6126000 тг) дейін айыппұл салу немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу қарастырылған.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың I тоқсанында осындай 73124 құқықбұзушылық тіркеліп, 72628 факт бойынша әкімшілік айыппұл салынып, 16 адам жүргізуші куәлігінен айрылған.

Еске салсақ, осы айдың басында елорда жолдарында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген көлік жүргізушісінен суық қару табылған болатын.


Соңғы жаңалықтар