Заңсыз көші-қонға қатысты 27 қылмыстық іс қозғалды - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 674 шетел азаматы бес жыл бойы Қазақстан аумағына кіру құқығынсыз сот тәртібімен елден шығарылды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, пандемия кезеңінде шекаралар жабылып, көптеген мигранттар шектеулерге байланысты Қазақстан Республикасының аумағынан шыға алмады, соған байланысты Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, елде болу мерзімі ұзартылды. Жалпы, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында халықаралық көші- қон ұйымымен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде 133 мың мигрант өз еліне оралды.

Өз еркімен кетуден бас тартқан және тергеу органдарынан жасырынған 674 шетел азаматы бес жыл бойы Қазақстан аумағына кіру құқығынсыз сот тәртібімен елден шығарылып, заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны үшін 27 қылмыстық іс қозғалған», - деді Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, көші-қон еліміздегі ұлттық қауіпсіздікке, әлеуметтік – экономикалық жағдайға тікелей әсер ететін сала болғандықтан, көші-қон процестерін реттеп, заңсыз көші-қонның алдын алу үшін тиісті құқықтық негіздер жасау өте маңызды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.



Соңғы жаңалықтар