Заңсыз қару сатып алған 4 қостанайлық жауапқа тартылды - полиция

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы аясында заңсыз қару сатып алып, оны сақтағаны үшін Қостанай обысының 4 тұрғыны жауапқа тартылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысында бір тәулікте «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы аясында 582 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкені үшін 151 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыныштықты бұзудың 20-дан астам фактісі анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 482-бабына сәйкес, қаруды заңсыз сатып алғаны, бергені және сақтағаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ, жедел алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 4 қылмыскерді ұстады және 11 қылмыс ашылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Мұнымен қоса, облыс аумағында жылдамдықты асырған 27 көлік жүргізуші анықталып, 70 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, аталған облыс аумағындағы «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу шарасы 9-11 қараша аралығында өтеді.


Соңғы жаңалықтар