Заңсыз билет сатуға қандай тосқауылдар қойылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет сатудың жаңа жүйесін енгізбекші. Алайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған жүйені ертерек енгізуді талап етіп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, жазға қарай жолаушылар тасымалы саласында қарбалас басталады. Соған дейін жаңа жүйені іске қоспаса, билеттерді заңсыз сату әрекеттері тағы өршіп кетеді. «Алыпсатарлар тағы ақша жасайды. Сондықтан жаңа жүйені жазға дейін енгізген жөн», - деді Д.Сабырбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов сөзіне қарағанда, ескі жүйені қысқа уақыттың ішінде өзгерту мүмкін емес. Өйткені бүгінде АСУ «Экспресс» жүйесін ТМД елдерінің бәрі қолданады.

«Демек, Ресей және тағы басқа бағыттарда билеттерді кедергісіз сату үшін жаңа жүйені АСУ «Экспресс» жүйесімен интеграциялау қажет. Оған уақыт керек. Біз осы саладағы жылдам жасай алмаймыз. Оны сапалы түрде істеу керек. Өкінішке қарай, жазға дейін үлгере алмаймыз. Дегенмен, ағымдағы жылдың аяғына дейін пилоттық жобаны іске асырамыз. Жаңа жүйе бойынша бір адамға көп билет сатылмайды. Ондайға автоматты түрде шектеу қойылады. Билет сатып алу және пойызға отыру тәртібі де жеңілдейді. Жолаушы жеке куәлігін көрсетеді де, пойызға міне береді», - дейді Д.Нұрмағамбетов.

Алайда Д.Сабырбаев жазға дейін заңсыз билет сатуды басқаша азайтуды ұсынды. Оның ойынша, 45 күн бұрын бос билеттердің бәрін еркін сатылымға шығаруға тыйым салу қажет. Алдымен билеттердің 10 процентін, ал 30 күн қалғанда тағы 15-20 процентін сатылымға шығаруға болады.

«Билеттерді еркін сатылымға біртіндеп шығару қажет. Сонда алыпсатарлар барлығын сатып алып үлгермейді. Жаңа жүйені жазға дейін енгізуге үлгермесек, солай істейік», - деп атап көрсетті Д.Сабырбаев. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Д.Нұрмағамбетов аталған ұсыныспен келісті.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі теміржол билеттерін заңсыз сату саласындағы тексерістің нәтижесін жариялады. Бұдан бөлек, теміржолмен жолаушыларды тасымалдау саласында бес бірдей облысты қамтыған қылмыстық сxема әшкереленді.

Соңғы жаңалықтар