Заңнамалық түзетулер елдегі іскерлік ахуалды жақсартады - Нұрлан Нығматулин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобасының маңыздылығына тоқталған Нұрлан Нығматулин бұл құжат Мемлекет басшысының бизнес-ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті. Палата Спикерінің пікірінше, қабылданған түзетулер кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді механизмін құруға мүмкіндік береді. Өйткені, бұл ең алдымен, жаңа кәсіпорындар ашу, несие алу, құрылысқа рұқсат беру және салық салуға жағдай жасайды.

«Бұл жолда бүгінгі енгізіліп отырған өзгерістер бизнес саласын дамытуға, сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал ететін болады. Сонымен бірге, кәсіпкерлер үшін де өте тиімді. Осының барлығы шағын және орта бизнестің экономикалық қуатын күшейтуге серпін беретіні сөзсіз», - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәселен, 2020 жылдан бастап тауарларды таңбалау және сауда-саттық қызметінде кассалық-бақылау құралдарын пайдалану ережелері енгізілді.

Депутаттардың ұсынысы бойынша осы заң жобасында қарастырылған өнімдерді таңбалаумен өндірушілердің өздері немесе Бірыңғай өнімді таңбалаушы операторлар айналысатын болады. Сонымен қатар, Бірыңғай операторға қалаларда ғана емес, сонымен қатар барлық облыстық орталықтарда таңбалау қызметтерін ұсыну үшін өз филиалдары мен тиісті жабдықтары болуы керек.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру мақсатында салықтық әкімшілендіруді оңайлату; мүгедектерге әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі кірістерді салық салудан босату; салынған әкімшілік айыппұлды мерзімінен бұрын төлеген кезде шартты жеңілдік беру; толық декларация беру мерзімін ұзарту арқылы кедендік әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ халықаралық пошта жөнелтілімдері кезінде кедендік рәсімдерді оңайлату; электрондық сауда алаңдарын дамыту және электрондық сауданы жүзеге асырған кезде сатып алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды нақтылау бойынша түзетулер енгізді.

Жалпы алғанда, заң жобасында Қазақстан Республикасының 10 кодексі мен 28 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жекелеген тармақтарында Елбасының қарсылықтарымен келісті. Атап айтқанда, аталған мәселе азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауды күшейтуге қатысты болып отыр.

«Өздеріңізге белгілі, Парламент 2018 жылғы 27 желтоқсанда аталған Заңды қабылдап, ол 28 желтоқсанда Мемлекет басшысының қол қоюына енгізілді. Қабылданған Заң 2017 жылғы 31 қаңтардағы және 2018 жылғы 5 қазандағы Президенттің Жолдауларын іске асыруға бағытталған. Президент тұтастай алғанда бұл Заңға қолдауын білдіреді, бірақ қабылданған заңда алып тастаған азаматтардың мүліктік құқықтарының кепілдіктері туралы заңнаманың жекелеген қолданыстағы ережелерін сақтау қажет деп ойлайды. Баяндалғанды ескере отырып, ҚР Конституциясының 44- бабының 2- тармақшасына сәйкес, Елбасы Заңның 1-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларын алып тастауды ұсынды», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева.

Мәжілістің жалпы отырысы барысында палата депутаттары аталған ұсыныспен толықтай келісті.

Соңғы жаңалықтар