Заңнамада мемлекеттің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс – Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысына қатысты Қазақстан халқына үндеуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін атап өтті.

«Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар