Заңгерлер соттардың түсініксіз әрекетіне арызданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде заң бойынша екінші деңгейлі банктерге кейбір комиссияларды алуға тыйым салынды. Тіпті, жабылған несиелердің комиссияларын өндіріп алуға болады. Осы уақытқа дейін аудандық соттар ондай кредиттер бойынша біраз қаржыны халыққа қайтарып берді. Бірақ белгісіз себептерге байланысты аталған жұмыс кілт тоқтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңгер Ільяс Ахметовтің айтуынша, ақпан айында ғана Есіл аудандық сотының бір судьясы жабылған несие бойынша арыз-талапты қанағаттандырса, сәуірдің басында тура сол судья осы іспеттес істі кері қайтарды. «Адамдар осыны түсінбей жатыр. Судьялардың өздері де бірқатар түсініспеушіліктің бар екенін мойындап, Жоғарғы сотқа сілтеп отыр. Сол жақтан түсініктемені күтіп отырмыз дейді. Айтпақшы, ертең, 10 сәуір күні Жоғарғы сотта банктердің кассациялық арыз-шағамдары қаралады. Енді, соттар осы істердің нәтижесіне қарай жұмыс жүргізетін шығар», - деді І.Ахметов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, наурыздың соңында әлеуметтік желілерде ресми бір хаттың көшірмесі тарап кетті. Онда Жоғары соттың азаматтық істер жөніндегі алқаның төрағасы Е.Н.Әбдіқадыровтың ауызша нұсқауына сілтеме жасай отырып, кредит пен займдарға қызмет көрсету комиссияларын өндіріп алуға қатысты азаматтық істерді қарамауға және шешім шығармауға тапсырма берілген. Көп ұзамай, аталған хаттың күші жойылды. «Негізі, банктердің өздері комиссияларды алып тастайтынын мәлімдеді. Тіпті, несие алған адамдарға SMS-хабарлама жіберіп, кредит үшін ай сайынғы төлемақының қаншаға азаятынын да көрсеткен. Сонда банктер комиссиялардың заңсыз екенін мойындап отыр. Ал сотқа келгенде қарсылық білдіріп, апелляцияға беріп жатады. Ақшаны ұстап тұрамыз дей ме? Мәселен, біздің көмегімізге жүгінген бір келіншек банк комиссияларына 4 миллион (!) теңге төлеген. Соны қайтарғысы келіп отыр. Банктер ол ақшаны қайтаруға асықпайды. Соттардың нақты ұстанымы жоқ. Соның салдарынан халық өз ақшасын қайтара алмай отыр», - деп атап көрсетті І.Ахметов.

Соңғы жаңалықтар