Заңгер мамандардың білімін тест арқылы тексеруді доғару керек - маман пікірі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Заңгер мамандардың білімін тест арқылы тексеру оларды жүйелі ойлау мен ойын жеткізу қабілетінен айырады. Бұл туралы Алматыда өткен «Заңгердің этика кодексі» Стандарттарын әзірлеу және қабылдау туралы аймақтық конференция барысында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың құқық және экономика институтының аға оқытушысы Вера Задерий айтты.

«Заң саласының мамандарын қабылдауда олардың білімін тест арқылы тексеруден бас тарту керек. Заңгердің білімін тест арқылы тексеру оны ойлау, өз ойын негіздеу қабілетінен айырады. Ол тисе терекке, тимесе бұтаққа деген сияқты принциппен жауап беретін болады. Крестиктер мен құсбелгілер заңгерлердің білім көкжиегін тарылтып, өз ойын жүйелеп жеткізу қабілетінен айырады», - деді ол. Маманның айтуынша, тәлімгерлердің біліктілігін арттыру үшін жұмыс істеп отырған заңгерлер мен оқытушылардың моральді-этикалық қасиеттеріне деген талапты күшейту керек. Сондай-ақ, аталған шара барысында «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» ҚР Заңының орындалуы, жоғарғы оқу орындарында «Заңгердің кәсіптік этикасы» сабағын енгізу және барлық заң мамандарының өкілдеріне бірыңғай мінез - құлыққа байланысты «Заңгердің этика кодексі» Стандарттарын әзірлеу және қабылдау мәселелері талқыланды. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Алмат Ракишев өткізді. Сонымен қатар, жиналғандар 2014 жылдың 27 ақпанындағы №757 ҚР Президенті Жарлығымен жарияланған ДСҰ мен Евразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі міндеттемелерді есепке ала отырып, Қазақстандағы заң қызметтерінің нарығын жетілдіру, Алматы қаласының бизнес қоғамдастығымен және мемлекеттік емес ұйымдармен «Заңгердің этика кодексін» қабылдаудың сұрақтары белсенді талқыланды.

Соңғы жаңалықтар