+7 (701) 759 90 19
USD 428.07 EUR 507.61
RUB 5.62 CNY 65.15
Jańalyqtar

Заңгер: Барлық ашу-ыза, агрессияның түп тамыры – балалық шақта

2020 жылғы 21 қазан 15:16
Бөлісіңіз:
Заңгер: Барлық ашу-ыза, агрессияның түп тамыры – балалық шақта

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отбасында болатын дау-дамай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көп жағдайда ішімдікке салыну, нашақор, ойынқұмар болу себепші болады. Мұндай отбасында өскен бала жақсы көру деген – ұрып-соғу, қол көтеру деп түсінеді. Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина Дәулетқызы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қандай әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болатыны туралы айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарайтын «Үміт» дағдарыс орталығы өз жұмысын 2013 жылы бастаған. Ол арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандарттарына сай жұмыс істейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған 18-58 жас аралығындағы әйелдерді кәмелеттік жасқа толмаған балаларымен қоса қабылдаймыз. Олар 1 айдан бастап 6 айға дейін біздің орталықта уақытша тұра алады. Орталық 50 орынға арналған», - дейді Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина Дәулетқызы.

Ол аталған орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер келетінін айтты.

«Әйелдер белгілі бір уақытқа дейін қорлыққа көніп жүре береді. Шыдамының шегі жеткен кезде полиция қызметкерлеріне шағымданады. Ондай жағдайда оларды дағдарыс орталығына орналастыру туралы шешім шығарылып, қорғау нұсқамасы жазылады. Бір ай ішінде агрессор әйелін мазалауды жалғастыра берсе – қорғау нұсқамасының уақытын тағы да созуға болады», - дейді ол.

Оның айтуынша, көп жағдайда отбасының шырқын ішімдікке салыну, нашақор болу, құмар ойындарына салыну бұзады.

«Бұл жерде қол көтеру ғана емес, психологиялық қысым да болады. Мысалы, ойынқұмар ер адам әйелін ұрмайды, бірақ күні бойы букмекерлік кеңселерді аралап, үй бетін көрмей кетеді. Онымен қоймай, отбасына қажетті қаражат та сол құмар ойындарына жұмсалады. Сондай-ақ, әлдебір сектаның мүшесі болған ер адам әйелінен діни ережелерді ұстануын талап етіп, ол қаласа да, қаламаса да басына орамал тағуын талап етіп, ұрып-соғуы мүмкін. Тұрмыстық дау-дамай, зорлық-зомбылықтың бәрі ішімдік ішудің ғана салдарынан болмайды. Мысалы, жұмыссыздық та отбасылық жанжалға себеп болады. Табыс көзі аз болып, тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасы мүшелері бір-бірінің тілін таба алмай, жиі жанжалдасып қалуы мүмкін», - дейді заңгер.

Ол аталған орталықта Қазақстанға Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолиядан табыс табу мақсатымен келген әйелдер де бар екенін айтты. Олардың құжаттары, тұрғылықты мекен-жайы, тұрақты жұмысы жоқ.

«Мұндай әйелдер бала-шағасымен орталыққа орналасқан кезде қажетті құжаттарын қалпына келтіріп беру үшін күш жұмсаймыз. Айтып өткенімдей, біз әйелдер және олардың балаларымен ғана жұмыс істейміз. Алимент өндіріп алуына көмектесіп, заңды түрде ажырасу құжаттарын реттеп, уақытша болса да орталыққа тіркеп қоямыз. Сондай-ақ, олармен психолог жұмыс істейді. Олар жекелей және топтық негізде жұмыс істеп, тренингтер өткізеді. Медициналық қызмет те көрсетеміз. Ешбір емханаға тіркелмеген әйелдер де бар. Онкология, туберкулез және ЖИТС-тен басқа, яғни емдеуге болатын дерті бар әйелге дәрігерлерге жолдама беріп, ем-шаралар жасаймыз. Сонымен қатар, тәрбиешілеріміз балабақша жасындағы балалармен таңнан кешке дейін отырады. Бұл уақытта балалардың аналары жұмысқа және басқа да мәселелерін шешіп алуға мүмкіндіктері болады. Орталықтың өз асханасы бар. Онда төрт уақыт тамақ беріледі. Әр отбасы жеке бөлмеге орналастырылады. Ол бөлмеде жиһаз, жататын орын және жуынатын бөлігі бар. Егер жолдасынан зәбір көріп келген әйелдің қасында баласы болмаса – оның қасына басқа отбасыны орналастыруымыз мүмкін», - дейді ол.

Орталық мемлекеттік мекеме болғандықтан, ондағы барлық қызмет түрі тегін көрсетіледі. Орталықта мәжіліс залы бар. Мерекелік күндері ол жерде мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

«6 ай ішінде әйелдерді жұмысқа орналастыру, баспана тауып беру мәселелерін шешіп беруге тырысамыз. Отағасымен татуласып, қайта қосылып жататын әйелдер де болады. Әйелдермен психолог, заңгер жұмыс істегенмен, алты ай бойы отағасымен ешбір маман жұмыс істемейді. Осы жерде үлкен мәселе туындайды. Әйел алты ай ішінде өзгергенмен, оның жолдасында ешбір өзгеріс болмайды, сол себепті ол әйелін бұрынғыдай ұра бастауы мүмкін. Ер адамдармен Ішкі істер департаменті профилактикалық жұмыс жүргізеді, бірақ әйелін ұрған әр ер адамның үйіне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу де үлкен уақыт алады. Біздің орталық мамандары әйелінен кешірім сұрап, отбасын сақтап қалғысы келетінін, өзгергісі келетінін айтқан ер адамдарға психологиялық көмек көрсетеді, бірақ бұл сирек кездесетін жағдай. Германияда осындай жағдайға тап болған ер адамдарға арналған орталықтар бар. Орталықта олармен психолог жұмыс істеп, не үшін оның бойында агрессия көп екенін анықтайды. Барлық ашу-ыза, агрессияның түп тамыры – балалық шақта. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деген осы», - дейді Зарина Дәулетқызы.

Оның айтуынша, орталықта орын болмай қалған кезде әйелдерді жеке меншік Құқық қорғау қорына жібереді. Ол жақтың ережесі сәл басқашалау. Ол қор жолдасы нашақор болып кеткен немесе құлдықта болған әйелдермен жұмыс істейді.

«Бізге әйелдер Ішкі істер департаменті арқылы келеді, яғни олар біздің орталықта тұруы үшін «тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны» деген мәртебесі болуы керек. Әйел отағасынан қорлық көргені туралы соттың шешімі болуы керек. Көп әйел өмірлік қиын жағдайға тап болғанын айтып, біздің орталықта тұра тұруға рұқсат сұрайды. Егер жағдайды растайтын соттың шешімі болмаса біз оларды қабылдай алмаймыз. Тіпті біз орталықтың мекен-жайын да көрсетіп жаза бермейміз, себебі агрессорлар әйелдерін тауып алуы мүмкін. Сенім телефонына хабарласып, әйелдің ағасы не бауыры екенін айтып, мекен-жайды сұрайтындар бар. Олардың кім екеніне көз жеткізіп алмай мекен-жайды бере алмаймыз. 6 айдан кейін әйел орталықтан кеткен кезде тағы 6 ай бойы оның өмірін бақылауда ұстаймыз. Оның қайда жұмыс істеп жүргенін, отбасына қайтып оралған-оралмағанын, жолдасымен қарым-қатынасы қандай болып жатқанын назарда ұстаймыз», - дейді заңгер.

Мұндай орталық еліміздің барлық аймағында бар, бірақ орын саны 50 емес, 20 ғана болуы мүмкін және орталықта орналасу мерзімі жарты жылға жетпейді.

«2020 жылдың басынан бері елордадағы орталыққа 182 қызмет алушы қабылданды. Оның 60-ы – әйел болса, 120-ы – бала. 10 әйел орталықта болу мерзімі аяқталуы себепті, 5 әйел орталықтың ережесін бұзуына байланысты, 24 әйел өтініш беру бойынша, 20 әйел жолдасымен тіл табысу себебімен орталықтан кетті. Орталықтың ережесін бұзатын әйелдер де бар. Отбасының шырқы бұзылуына тек ер адамды ғана кінәлауға болмайды. Кейде әйелдің өзі адуынды, ішімдікке салынған болуы мүмкін. Біз орталықтағы әр әйелдің уақытын қадағалаймыз. Жұмыстан шыққан соң бір сағат ішінде орталықта болуы керек, олай болмаған жағдайда әйелдің өзіне хабарласамыз, ал жауап бермеген жағдайда полиция қызметкерлеріне хабарлаймыз. Оны жолдасы тауып алып ұрып кетті ме, әлде өзі ішімдік ішіп кетті ме – анықтауымыз керек. Әрқайсысысың жеке басына орталық жауапты болғандықтан ережеге бағынулары керек», - дейді ол.

Оның айтуынша, орталыққа келген әйелдердің көбінің жоғары немесе орта білімдері жоқ болып шығады.

«Олар мектеп бітіре салысымен тұрмысқа шыққанын, сол себепті оқи алмай қалғандарын айтады. Маникюр, педикюр немесе шаштараз болуға үйренгілері келеді, бірақ Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы аспаздыққа, тігін тігуге ғана үйрете аламыз. Мұны үйренуге бәрі келісе бермейді, сол себепті демеушілер тауып, өз қабілеттері бойынша курс бітіріп алуларына ықпал етуге тырысамыз», - дейді заңгер.

Ол орталыққа келген әйелдердің арқа сүйер ешкімі болмайтынын айтты.

«Жолдасынан зорлық-зомбылық көрген жағдай елордада немесе Ақмола облысында болғандықтан, әйел біздің орталыққа жіберіледі. Бірақ оның тұрғылықты мекен-жайы, туыстары Шымкентте болуы мүмкін. Оған Шымкентке қайту туралы ұсыныс айтсаң, баласымен ешқайда сыймайтынын, осы жақта болу ыңғайлы екенін айтады. Орталықтағы әлеуметтік қызметкер оның туыстарына хабарласқан кезде олар «Оның біздің үйге келгенін қаламаймыз. Оның жолдасынан қорқамыз. Біздің үйге оны іздеп келіп, дау-дамай шығарады. Мұндай жағдай басымыздан өтіп қойған» деп бас тартады», - дейді ол.

Оның айтуынша, орталықта қандай жағдай болса да әкесінің қасына барғысы келетін балалар бар.

«Біздің орталықта тұрып жатқан кішкентай қызды әкесі сабақ қарату барысында белбеумен ұрады екен. Бізге келгенде арқасында, қолында белбеудің ізі болды. Соған қарамастан қыз бала әкесін сағынып жылайды. Себебін сұрасақ, әкесінен үнемі таяқ жейтінін, әкесі оны солай жақсы көретінін және ол үшін бұл қалыпты жағдай екенін айтты. Психолог онымен көп жұмыс істеді. Орталыққа келген балаларға психолог сурет салдырады. Әкесінің өктемдігін көп көрген бала анасы, әпке, бауырларын бір қатарға салса, әкесін бір саты жоғары жерге салып қояды. Қандай сурет салып, қандай түстерді қолданатынына қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Қандай жағдай болса да балалар өз отбасында өмір сүргісі келеді, себебі біз олардың өмірі үшін жауапты болғандықтан бәрін бейнебақылау арқылы қадағалап отырамыз. Олар қалаған уақыттарында достарына кетіп қала алмайды, яғни өз уақыттары өз қолдарында емес, сол себепті өз үйлерінде еркіндікте өмір сүргілері келеді», - дейді Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығының заңгері Зарина Дәулетқызы.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT