Заңға енгізілген толықтыру: Меморганға қызметшілер келісімшартпен келеді, ротация тетігі жетілдірілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, биыл 9 наурызда Сенат депутаттары аталған заңды екі оқылымда қарап, қабылдаған еді. Бұл құжат мемлекеттік саяси қызметшілердің жауапкершілігін күшейту және сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға қатысты нормаларды қамтыған. Сондай-ақ заңда мемлекеттік органдарға келісімшарттық қызметшілерді жұмылдыруға және ротациялау тетігін жетілдіруге қатысты ережелер де бар.

Бұл заңды талқылау кезінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев елімізде мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институты заңнамалық тұрғыда бекітілетінін айтты.

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.

«Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді», - деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізілмек.

«Елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа тоқсқауыл қою. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы мәселені шешуше бағытталып отыр», - деді Д. Жазықбаев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік органдарда өңірлер мен орталық арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз ету керек екенін айтты.

«Бұл ретте өңірлердің арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз етудің де маңызы зор. Мысалы, батыстағы азаматтар шығысқа, солтүстіктегілер оңтүстікке барып жұмыс істейтіндей мүмкіндіктер болуы қажет. Сондықтан азаматтарымыздың әр өңірде жұмыс істеуіне жол ашып беруіміз керек. Бұл елімізді біртұтас мемлекет ретінде дамытуға өз үлесін қосатын маңызды қадам екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы.

Бұдан бөлек, құжатты Сенатта қарау кезінде Қазақстанда саяси мемқызметшілер «сенімді жоғалту» себебімен жұмыстан босатылуы мүмкін екені белгілі болды.

«Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қызметшi болып саналады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешімін тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Мұнымен қоса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік қызмет пен кадр саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өкілеттік берілмек.

«Мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу ескерілген. Қолданыстағы заңға сәйкес, әр мемлекеттік орган штат кестесін өздері бекітеді. Алайда басшылар мен орындаушылар саны реттелмеген. Осы орайда бір басшыға кейде бір немесе екі орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесіп жатады. Ал кейбір органдарда басшылар саны орындаушылардан да асып түседі. Бұл тұрғыда осындай олқылықты болдырмау мақсатында басшылар мен орындаушылар санын агенттік бұйрығымен реттеу ұсынылып отыр», - Д. Жазықбаев.

Президент мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заңға қол қойды.


Соңғы жаңалықтар