Заңды тұлғаның банк шотынан қолма-қол ақшаны алуына қатысты талаптар өзгерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі заңды тұлғалар үшін банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу жөніндегі талаптарды өзгертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық банкі Басқармасының шешімімен бүгін бекітілген «Қолма-қол ақшаға айналдыруға рұқсат берілген соманың шекті мөлшерін белгілеу туралы қағидалар» 2020 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді.

Қағидалар: жеке тұлғаларға; жеке кәсіпкерлерге; микрокәсіпкерлік субъектілеріне; ауылшаруашылық азық-түлік өнімін, балық өсіру өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға; тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық, медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек саудасымен айналысатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

«Ұлттық банк заңды тұлғалардың банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алуы үшін мына шекті соманы белгілейді: шағын бизнес үшін – күнтізбелік айда 20 млн теңге; орта бизнес үшін – күнтізбелік айда 120 млн теңге; ірі бизнес үшін – күнтізбелік айда 150 млн теңге.

Заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банктерге тиісті негіздемені ұсынған кезде белгіленген лимиттен артық алуға рұқсат беріледі. Өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктер соманы ұлғайтуға арналған өтінімді ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен 3 жұмыс күні ішінде келіседі», делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар