Заңды тұлғалар көлiгінің салығын төлеу мерзімі ауыстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Заңды тұлғалардың көлiк салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімі ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Салық төлеушілерден көптеп келіп жатқан сұрақтарға байланысты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңды тұлғалар көлiк құралдары салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімінің көшірілуіне қатысты түсіндірме берді.

«Салық кодексінің 494-бабының 1-тармағына сәйкес және 496-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлғалар ағымдағы төлемдер сомасын төлеуді және ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынуды салық салу объектiлерiнiң тiркелген жерi бойынша салық кезеңiнiң 5 шiлдесiнен кешiктiрмей жүргiзуі қажет», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 38-бабының 2-тармағына сәйкес, егер салықтық міндеттемені орындау мерзімінің соңғы күні жұмыс күні болмаса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.

«Осылайша, 2021 жылы 6 шілде мереке күні екенін және демалыс күннің 5 шілдеге ауыстырылғанын ескерсек, көлiк құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер сомасын төлеу мен ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсыну бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімі келесі жұмыс күнінің соңында, яғни 7 шілдеде аяқталады», - деп түсіндірді комитетттен.

Қазір салықтың төлеу мерзімін 7 шілдеге ауыстыруға қатысты ведомствоның ақпараттық жүйелерін жаңарту жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар