Заңды бұзған ШҚО балықшылары 6 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір жарым айға созылған «Уылдырық» жедел алдын алу шарасы барысында 257 құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жолнұскау ауылының маңында заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады. Анықталғандай, тиісті құжаттары болмаған азамат УАЗ автокөлігімен жалпы салмағы 130 келіден асатын шортан, сазан және көксерке балықтарын тасымалдаған. Тәртіп сақшылары одан екі дөңгелекті тіркемені, қайық пен синтетикалық торды тәркіледі. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 335-бабымен тергеу амалдары жүргізілуде.

«Жалпы «Уылдырық» жедел алдын алу шарасы кезінде 6 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ балық аулау ережелерін бұзған 224 адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Естеріңізге сала кетсек, өңірде 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында заңсыз балық аулайтындардың жолын кесу мақсатында «Уылдырық» шарасы өткізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар