Заң жобасы: Сырқатына байланысты әскерден шығарылғандар баспаналы болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызметтік борышын атқару кезінде өмірі қиылған әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешілетін болады. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасындағы келесі бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға әскери қызметшінің өмірі қиылған өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр», - деді Т. Мұхтаров.

Сонымен қатар заң жобасында әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.

«Тағы бір маңызды жаңа нормаға тоқталсақ, баспананың жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасуына байланысты, олар жекешелендіруге жатпайтындықтан, бұл мәселе қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты болып отыр. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайыз көлемде аударылатын болады. Бұл өз кезегінде әділетті болып табылады, себебі мемлекет аталған әскерилерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толықтай мемлекет көтереді. Сондықтан әскери қызметшінің мұның сыртында мемлекет беретін 50 пайыз сомасындағы тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар», - деді Талғат Мұхтаров.

Айта кетейік,  Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Соңғы жаңалықтар