Заң жобасы Қазақстанның авиация саласының еуропа талаптарына көшуін қамтамасыз етеді

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Көлік және коммуникациялар вице‑министрі Еркін Дүйсембаевтың айтуынша, еліміздің авиация саласын қамтитын қолданыстағы заңнама заман талабына жауап бере алмай отыр. «Оның үстіне соңғы уақыттары бірқатар жағымсыз жайттар орын алғаны да рас. Мәселен, қазақстандық әуе кемелерінің Еуроаймақта ұшуына шектеулер жасалды. Ал қолданыстағы нормативтік базаны заманға сай жетілдірмесек, әуе кемелерінің қызметіндегі қауіпсіздікке толық мемлекеттік бақылау жүргізе алмаймыз. Осы мақсаттарды көздеп әзірленген заң жобасы, Қазақстанның авиация саласын ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) стандарттарына және еуропалық авиация талаптарына көшуіне жағдай жасайтын болады», деді Е. Дүйсембаев.

Заң жобасындағы қамтылған негізгі мәселе алдыңғы қатарлы еуропалық авиация стандарттарын тікелей қолдануға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, құжатта  авиакомпанияларға қойылатын талапты күшейту, әуе кемелерін сертификаттау шаралары  көзделеді.   Әуе кемелерінің техникалық жағдайын бақылаудың тың шаралары қарастырылады.  Ал жөндеу жұмыстарын жүргізетін техникалық ұйымдар ИКАО стандарттары бойынша сертификатталуы  міндеттеледі.

Тағы бір айта кетер жайт, құжатта әуе рейстерін кешіктіруі немесе уақытын шегеруі жағдайында авакомпаниялардың жолаушылар алдындағы жауапкершілігі мен тегін қызмет көрсетулерін қамтитын нормаларды енгізу қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар