Заң жобасы: Қазақстанда балық аулауды қадағалайтын механизм ұсынылды

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ елімізде балық аулау мен балық өнімдерінің айналымын қадағалайтын құқықтық механизм құруды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.  

Заң жобасы бойынша сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов Қазақстанда балық және балық өнімін есепке алу және мониторингілеу жүйесін жетілдіру керектігін айтты.

«Қазіргі кезде балық және балық өнімдерін қадағалайтын құқықтық механизмдер жоқ. Механизм болса балық өнімдерінің заңсыз айналымын алдын алар едік. Сонымен қатар, елімізде балықты лимитінен асыра аулау және браконьерлік фактілері жиі орын алып жатыр. Бұл жағдай балық ресурстарының қорының азаюына алып келеді», - дейді Қайрат Айтуғанов.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі су айдындарында балықты жыл сайын белгіленген лимиттен асыра аулау байқалады.

«2012-2016 жылдары көксеркені аулауға ресми рұқсат берілген мөлшер 16,5 мың тонна болғанына қарамастан, ол балықтың 35,4 мың тоннасы ауланған. Бұл көксеркенің лимиттен 18,5 мың тоннаға артық ауланғанын көрсетеді. Егер бұл жағдайды браконьерлік ретінде қарастырса келтірілген залал 54 млрд теңгеге жетеді. Бұлай кете берсе бұл жағдай балық ресурстарының таусылуына әкеледі», - дейді Айтуғанов.

Сондай-ақ, министрдің бірінші орынбасары жоғарыда аталған құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында балық айналымын есепке алу бойынша ақпараттық жүйе құру арқылы балық және басқа да суда өмір сүретін жануарлардың өсімін уақтылы бақылап отыру механизмін қарастыруды ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, балық және басқа да су жануарлары айналымының мониторинг қызметін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органға тапсырған жөн.

Жалпы, заң жобасы Қазақстан Республикасындағы 10 кодекс пен 20 заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар