«Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу талабын сақтау - барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Мамырдың 14-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 14-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. А.Жұмағалиев Президентке отандық БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру барысы және қазақстандық интернет-ресурстарының дамуы туралы баяндады. Кездесудің барысында сондай-ақ Қазақстанда цифрлық телевизияны енгізу мәселесі талқыланды. Оның бірінші кезеңін жүзеге асыруға ағымдағы жылдың соңына дейін кірісу жоспарлануда.

Президент министрліктің басшылығына отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мәселесіне ерекше бақылау жасауды тапсырды, - деді журналистерге арналған брифингте А. Жұмағалиев.

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «ІВМ Power Systems» компаниясының бас директоры Росс Мауримен кездесті. «Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы жұмысының ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды. Р.Маури ғылыми-ағартушылық бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыруды көздейтін «ІВМ Power Systems» компаниясының жоспарлары, сондай-ақ қазақстандық мамандарды ақпараттық технологиялар саласында оқыту жайында хабарлады. Ол компанияның Астанада «Lіnux» операциялық жүйесінің инновациялық білім беру орталығын ашуға және Қазақстанға компанияның өзі Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, сондай-ақ халықаралық ІТ-университетінде жүзеге асыруды жоспарлап отырған білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулер мақсатында пайдалану үшін суперкомпьютерлер жеткізіп беруге дайын екенін атап көрсетті», деп жазады басылым.

Осы басылымның «Елімен етене Елбасы» айдарында академик, сенатор Ғарифолла Есімнің «Тұлға философиясы» атты көлемді мақаласы жарияланды. «Бүгінде Қазақ елі - біртұтас мемлекет, енді Кемел адамға, Тұлғаға қажеттілік бар. Бағымызға орай сондай тұлға бар, ол - Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тұлға деп халықтың бойындағы қуатты ізгілікті мақсатқа бағыттап, оның жетекшісі әрі орындаушысы қызметін атқаратын Елбасын айтамыз. Ол үшін қажетті жағдай, Елбасының халыққа және халықтың Елбасына сенімі болуы керек. Себебі, билік басына келу билікке ие болу деген сөз емес, ол билікке ие болудың мүмкіндігі ғана. Билікке ие болу осал шаруа емес. Адамзат тарихында көптеген ел басшыларының билікке келгендерімен, сол билікке ие болу мүмкіндігіне жете алмай, жолда қалғандары қаншама. Мұндай тәжірибені қазіргі замандағы алыс-жақын елдерде болып жатқан оқиғалардан көріп отырмыз», дейді мақала авторы.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы Қазақстанның Беларус Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Смирнов. Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттері арасындағы Кедендік одаққа байланысты өрбіген сұхбат барысында басылым қонағы барлық сауалдарға тұщымды жауап берген. Екеуара әңгіме «Кедендік одақ нарықтық кеңістікке жол ашады» деген тақырыппен берілген.

«Каспий жағалауы қаңқалардан тазартылады». «Айқын» газетінің жазуынша, кеше Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Эльдана Сәдуақасова «Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Каспий жағалауында жұмыс істемейтін ұңғымаларды жоюдың жоспар-кестесін жасауға тапсырма берді», деп мәлімдеген. Оның келтірген деректеріне қарағанда, жалпы 1113 ұңғы болса, соның 113-і су бөлігінде орналасқан. Қазірдің өзінде 90 ұңғы жойылған екен. «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі алдағы уақытта Каспий жағалауында жұмыс істеп тұрған барлық мұнай өндіруші компаниялардың жұмысын кешенді түрде тексеруді жоспарлап отыр», деп жазады басылым.

***

«Кеше Қырғызстанның оңтстігіндегі Ош қаласында жаңа биліктің қарсыластары мен қолдаушыларының арасында қақтығыс болды. Уақытша үкіметті мойындаудан бас тартып, көтеріліске шыққандар Ош қаласының әкімшілігін жаулап алып, қаланың бұрынғы басшысы Мамасадық Бакировті өз орнына қайта отырғызды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Көрші қырғыз елінде жағдаймен егжей-тегжейлі танысқыңыз келсе басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Қырғызстан қайта дүрлігіп жатыр» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз. Сондай-ақ осы жайтты қозғаған келесі мақала «Айқын», «Литер» басылымдарында да жарық көрді.

«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбековпен арадағы сұхбат «Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу талабын сақтау - барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында министр «соңғы кездері заң актілерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасы сын көтермейтіні жиі айтылуда. Бұл түсінікті де. Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасымен қазақ тіліндегі аудармасының сәйкес келмеуі, терминдердің бірізді қолданылмауы бұл саланы бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр», деген пікірін білдіре кеткен.

Осы басылымның дәстүрге айналған «Ой-көкпар» айдарынының мамандарға қойған бүгінгі сауалы - «Театр мен өнердің деңгейін қадағалау мақсатында Мәдениет министрлігінің жанынан ресми көркемдік кеңес құру керек пе?». Газеттің осы сауалына жауап берген профессор, театртанушы Әшірбек Сығай «Мәдениет министрлігінің жанынан міндетті түрде ресми көркемдік кеңес құрылуы қажет. Республикалық шеңберде шешілетін мәселелердің барлығы ҚР Мәдениет министрлігінің маңына топтастырылуы тиіс» десе, оған қарсы шыққан режиссер Болат Атабаев «Мәдениет министрлігінің жанынан ресми көркемдік кеңес құрудың қажеті қанша? Сонда не, спектакльді, киноны көркемдік кеңес қоя ма немесе радиохабарды көркемдік кеңес жасай ма? Одан да мәдениет ошақтары жекелеген авторлармен, ірі тұлғалармен жұмыс істесін, таланттарды өнерге тартсын, олардың кәсіби деңгейін көтерсін, өнерден қаржыны аямай, оқимын деген жас дарындарды оқытсын», деген пікірін алға тартады.

***

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық мәртебесін Елбасы ретінде бекітуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент Мәжілісінің бір қатар депутаттарының бастамасы кеше Сенатта палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста мақұлданды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Елбасының мәртебесін нақтылап, қызметін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» екі заңды қабылдады.

Осы жайында «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Литер», «Экспресс-К» басылымдарда жарық көрген мақалаларды оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар