Заң тетігін пайдаланбаған ЖОО заман көшінен қалады - Бақытгүл Хаменова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Nur Otan» партиясы бағдарламасының «Білім» бағыты бойынша партиялық куратор комиссиясының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов, Жәмила Нұрманбетова, Нұрлан Дулатбеков, Бақытгүл Хаменова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова және Алматы қаласы мен Алматы облысының ұлттық және жеке жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Күн тәртібінде Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту, сондай-ақ жеке жоғары оқу орындарын халықаралық стандарттарға сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға айналдыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша жаңа өңірлік ЖОО құру мәселелері қаралды.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың айтуынша, жаңа заң аясында барлық жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін арттыру мүмкін болып отыр.

«Заң аясында бүгінде заңнан туындаған 56 акті, 9 қаулы мен 47 бұйрық шықты. Ең алдымен ЖОО-лардың заң аясында коммерциялық емес ұйымға трансформациялануы қарастырылған. Бұл орайда бүгінде 5 ЖОО осы формаға көшсе, 27 ЖОО дайындық үстінде. Олар желтоқсанның 31-іне дейін ауыстырылады. Нәтижесінде барлық жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі бакалавриатта 80%-ға, магистратурада 85%-ға, докторантурада 90%-ға дейін кеңейтілді. Азаматтық ЖОО-лардың 49%-да (114 ЖОО-ның 56-сы) Назарбаев Университетінің тәжірибесі көрсетіледі. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес білім беру ұйымдарына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Үшіншіден, ЖОО-ларға заң шеңберінде 16 түрлі коммерциялық табыс көзімен айналысуға құзырет берілді. Біз осы бағытта біраз жұмыс атқаратын боламыз. Бұл кешенді шаралар жүзеге асады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова заң тетіктерін пайдалана алмаған ЖОО замана көшінен қалатынын ескертті.

«Былтыр Парламент қабырғасында 4 шілдеде қабылданған заң - Елбасы Ұлт жоспарының 100 нақты қадамының 78-қадамының орындалуына ерекше маңыз беріліп отыр. Қазіргі заман - бәсеке заманы. ЖОО мемлекетке қарап ақша санап емес, өз күнін өзі көретіндей деңгейге жетуі керек. Заңның орындалуына уақыт керек. ЖОО басқарып отырған ректорлардың бәсекеге қабілеттілігі рөл ойнайды. Елбасы айтқандай, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. ЖОО-лар заман көшінен қалмай, заң тетіктерін пайдалана отырып, көшке ілеспесе - ол ЖОО өзінен өзі жоғалып кетеді деген сөз», - деді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.

Айта кету керек, ЖОО-ларға академиялық дербестік беру мәселелері 2015 жылдың мамыр айында Елбасының Бес институционалды реформасын жүзеге асыру бойынша Ұлт жоспары - 100 нақты қадам аясында айтылған болатын.

Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 4 шілдесінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Оған сәйкес жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау мәселелерін анықтау, профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылар контингенті арасындағы қатынасты белгілеу, білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын, оқу жоспарлары мен пәндердің оқу бағдарламаларын анықтау бойынша құзыреттер қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар