Заң шығару процесі үнемі жетілдіруді талап етеді - Бектас Бекназаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір заң жобаларын даярлау сапасы тиісті деңгейде емес. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмыстарда Әділет министрлігінің күш-жігері маңызды. Ведомствода қызмет ететін білікті мамандар заң жобаларын даярлау деңгейінде белсенді атсалысуы керек», - деді Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров.

Осы орайда ол заң шығару процесі үнемі жетілдіруді талап ететінін атап өтті.

«Ол үшін Үкіметтің заң жобалау қызметін жоспарлауды жетілдіру, заң жобалары мен олардың тұжырымдамаларына ғылыми сараптама ұйымдастыру әдістерін түбегейлі өзгерту, қазақ және орыс тілдерінде бірдей түпнұсқаны қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар қабылдау, мемлекеттік органдардағы заң жобаларын әзірлеуге жауап беретін нақты адамдарының жауапкершілігін күшейту қажет», - деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары.

Өз кезегінде Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбындағы парламенттік тыңдаудың қорытындысы туралы айтты. Ол қабылданатын және қабылданған заңдардың тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін Әділет министрлігі жекелеген мемлекеттік органдарға да, жалпы заң шығару жүйесіне де ықпал етудің барлық ықтимал тетіктерін қолданып келе жатқанын айтты.

Бұл тақырып бойынша сенатор Владимир Волков парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша 17 пункттен тұратын ұсыныстар дайындалғанын хабарлады. Әділет министрлігі тармақтардың бір бөлігін орындады. Қалғандары ұйымдастыру тұрғысында және кешенді шешімді талап етеді. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін мүмкін болады.

Айта кетейік, Парламент Сенаты жанындағы Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес биылғы жылдың 1 шілдесінде заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында құрылған болатын. Оның құрамына Сенат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, белгілі құқықтанушы ғалымдар кірді.

Соңғы жаңалықтар