Заң қабылданғаннан кейін жануарларға көзқарас қалай өзгермек - ветеринармен сұхбат

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Заң қабылданғаннан кейін жануарларға деген көзқарас қалай өзгермек? Қандай жайттар жануарларға қатігездікпен қарауды насихаттау болып саналмайды? Осы және өзге де сұрақтарға ветеринар дәрігер, «Табиғат» экологиялық одағының мүшесі Анна Хамчукова жауап берді.

- Заңмен барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға және осындай насихаттың кез келген нысандарына тыйым салу енгізілді. Бұл мәселе алдағы уақытта заң аясында қалай реттелмек?

- Иә, шынымен де заңда мұндай норма көзделген. Тәжірибе де оның аса қажет екендігін көрсетіп отыр. Кей адамдар жануарларды өлтіру, қорлау фотолары мен бейнероликтердің көмегімен өзін өзі танытудың лас әрекетіне барып жатқанын байқап жүрміз. Мұндай фотолар мен бейнематериалдар мазмұны жағынан да барынша қатігездікті паш етеді.

Сондай-ақ ол балалардың, жасөпірімдердің, сонымен қатар психикасы пісіп-жетілмеген және ойлау қабілеті әлі толыспаған тұлғалардың мінез-құлқына теріс әсерін тигізеді. Кейбіреулер мұндай материалды еліктеудің үлгісі не болмаса іс-әрекет жасауға шақыру ретінде бағалауы мүмкін.

Сонымен қатар мұндай қатігездікті насихаттайтын оқиғаларды кеңінен жария етіп, талқылау қажеттігін де жоққа шығармайды. Жануарларға қатігездік таныту фактілері туралы хабарламаларға заңмен тыйым салынбаған.

Тек жануарларға қатігездік таныту, зорлық-зомбылық көрсету бейнелеген, адам жанын түршіктіретін фотолар мен видеоматериалдарды жариялауға, сондай-ақ оларды әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таратуға тыйым енгізілген.

Жануарларға қатігездік көрсету таспаланған фото және бейне материалдар құқық қорғау органдарына берілуі әрі қайтан алынғаны нақты көрсетіле отырып, қылмысткерді іздеу және ұстау барысында дәлел ретінде қозғалған іске тіркелуі тиіс.

Айта кетерлігі, аңшылардың атып алған аңмен түскен және аң аулау барысы бейнеленген суреттері мен видеолары жануарларға қатігездікті насихаттау болып саналмайды.

Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы малдарының тұтас етін мүшелеу, діни ғұрыптар мен мерекелерде құрбандық шалу ертханалық жануарларға ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізу, ветеринарлық-санитарлық іс-шараларда қатігездікті насихаттауға жатпайды.

- Заң қабылданды. Енді жануарларға қарым-қатынас қалай өзгеруі мүмкін?

- Бұл заң жалпы халықтың жануарларға қарым-қатынасына қатысты мәселеге айрықша түзету енгізетіндігіне үміт артамын. Заңда жануарлардың иелеріне жауапкершілікті арттыру, жеке тұлғалардың үй-жайларда жануарлардың жекелеген түрлерін ұстауға тыйым салу бойынша жан-жақты әдістер көзделген.

Жануарларға қатігездік танытқандарда қылмыстық жауапкершілік, үлкен айыппұл қарастырылған. Бұл іс-шаралардың барлығы жануарларға қамқорлықпен қарау мәселесінде оң нәтижеге алып келері сөзсіз.

- Қоғамдық бақылау институты енгізіледі. Бұл құрылым қандай миссия атқармақ?

- Қоғамдық бақылау жануарларға қатігездік таныту оқиғалары орын алған жағдайда заңда көзделген бұзушылық фактісі туралы өкілетті органға дер уақытында ақпарат беру және заңның сақталуына жедел мониторинг жасау үшін енгізілді.

Бұл құрылым жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту жұмыстарына қатысу үшін де қажет.

- Жануарларға қатігездік таныту фактілеріне жиі куә боламыз. Әсіресе мұндай қатігездік балалар тарапынан байқалып та жатады. Енді заң забылданғаннан кейін балаларды жануарларға қамқорлық танытуға бейімдеу, олардың экологиялық тәлім-тәрбиесін арттыру жұмыстары қалай жүргізілмек?

- Заңда азаматтарды жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында ағарту және тәрбиелеу қарастырылған. Мұндай жобалар мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, сонымен қатар табиғат пен зоологияны қорғау ұйымдарының тарапынан жүзеге асырылатын болады.

Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы туралы жан-жақты ақпарат беру, биоәдеп курстарын өткізу арқылы мектептерде сыныптан тыс жұмыстар жүргізу, жануарларға жауапкершілікпен әрі қамқорлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталған көрмелер, семинарлар, конференциялар, байқаулар, жарыстар мен өзге де іс-шаралар өткізу.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар