Заң бұзған кинотеатрдың бірде-бірі жауапқа тартылмаған – Бас прокуратура

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2015 жылдан бері әкімшілік құқық бұзған кинематография қызметін ұсынатын бірде-бір субъект жауапқа тартылмаған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас прокуратура елдегі кинотеатрларда жас шектеуі бар фильмдерді жалға алуды жүзеге асыру кезінде кинематография саласындағы заңдылықты сақтау мəселесін зерделеді. Қолданыстағы заңнамаға сəйкес Қазақстан Республикасында өндірілген барлық фильмдерге жəне оның аумағында прокаттау мақсатында əкелінетін фильмдерге «18 жастан бастап» жəне «21 жастан бастап» жас санаттары беріле отырып, жас сыныптамасы жүзеге асырылады. Көрсетілген санаттағы (21+) фильмдерді кинозалдарда жəне осы мақсаттарға арналған өзге де фильмдерді жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңғы 06:00-ге дейін жалға алуға жол беріледі», - деп атап өтеді Бас прокурор жауабында.

Мәселен, оның атап өтуінше, 21 жасқа толмаған көрермендер үшін шектелген «Пацанская история» фильмі Астана қаласының «Еуразия Синема-7» кинотеатрында кешкі сағат 20:00-де, «Cinemax», «Цезарь» кинотеатрларында жəне Алматы қаласының «Арман» киноорталығында кешкі сағат 16:00-ден кешкі 21:00-ге дейін көрсетілген.

«Кинематография саласындағы мемлекеттік саясат, сондай-ақ ҚР аумағында фильмдерді прокаттау мониторингісі Мəдениет жəне спорт министрлігіне жүктелген. Алайда министрлік пен жергілікті атқарушы органдар фильмдерді жалға алу мониторингісін жүзеге асыру үшін негіздер мен құқықтық мүмкіндік бола тұра, заң бұзушылардың жолын кесу іс-шараларын қолданбайды.

Сонымен қатар мəдениет туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 156-бабы бойынша əкімшілік жауаптылық көзделген. ӘҚБтК-нің осы бабы бойынша жазаларды облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың, ауданның əкімі жəне оның орынбасарлары қолдануға құқылы. Алайда мұндай əкімшілік құқық бұзушылықтар үшін кинематография қызметінің бірде-бір субъектісі 2015 жылдан бастап жауапқа тартылмаған», - деді Берік Асылов.

Осыған орай Бас прокуратура хатының негізінде Үкімет жергілікті атқарушы органдарға, Мəдениет жəне спорт министрлігіне кинематография саласында қажетті іс-шаралар қабылдау туралы тапсырма берген.


Соңғы жаңалықтар