Заң бойынша елдің бұрынғы президентінің жеке басына тиісуге, ар-ожданына қол сұғуға болмайды - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрлігі заңнамадағы Елбасыға байланысты нормаларды түзету жөнінде ұсыныс әзірлейді. Бұл туралы ведомство басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғылыми, әлеуметтік, мәдени бағыттағы және басқа да салалық заңдарда тиісті нормалар көзделген. Қазір бұл мәселені кешенді түрде қарап, пысықтаймыз. Содан кейін тиісті ұсыныстармен шығамыз», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, қолданыстағы Президент туралы Конституциялық заң экс-президенттерге кепілдіктер береді.

«Біріншіден, олар әлеуметтік қамсыздандыру, экс-президенттің күзеті, көлік қызметін көрсету жөнінде, қызметтік саяжай мен пәтер бойынша нақты нормалар қарастырылған. Экс-президенттің жеке басына, оның ар-ожданы мен мәртебесіне қол сұғуға болмайды және ондай қол сұғу заңмен қудаланады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар