Заманауи сәулет өнерінің озық үлгісіндегі Елбасы кітапханасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың күн санап өсіп, көркейіп келе жатқаны баршаға аян. 19 жылдың ішінде әлем таныған, сая­си-экономикалық, мәдени-рухани орталыққа айналып үлгер­ген Астана жөнінде көп айтуға болады. Қаладағы зама­науи үлгідегі ғимараттар, халықтың игілігіне арнал­ған әлеуметтік нысандар мен демалыс алаң­дары, сондай-ақ басқа да жобалар өзіндік бірегейлігімен ерекшеленеді. Осы материалда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасына кеңірек тоқталмақпыз. Атап айтқанда, кітапхананың қазірдің өзінде-ақ тарихи маңызды нысанға айналғанын байқауға болады.

Мекеме кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» ММ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен  2014 жылдың 13 наурызында Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Президенттің идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету мақсатында құрылды.

Елбасы кітапханасы елордадағы Ә. Бөкейхан көшесі, 10 мекенжайы бойынша орналасқан. Бірегей ғимарат есімі әлемге әйгілі британиялық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша тұрғызылған. Оның құрылысы 2013 жылдың наурызында тәмамдалды.

Жалпы аумағы 30 мың шаршы метрден  астам ғимарат аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейді. Сәулетшінің ойы бойынша оның қайталанбас сыртқы келбеті қазіргі Қазақстанның өміршең қуатын,  қарыштап даму бағдарын білдіреді.

Елбасы кітапханасында ұлттық мәдени-тарихи мұраға айналған заманауи электронды-мұрағат инфрақұрылымы және бірегей ақпараттық ресурстар бар. Кітапханада ғылыми және білім беру мақсатында әлемдік басылымдардың, East View Information Services, Inc америкалық компания мерзімді басылымдарының лицензиялық дерекқорларын, ресейлік Polpred.com дерекқорына, толық мәтінді, анықтамалық-библиографиялық, реферативті журналдардың топтамаларын пайдалануға жағдай жасалған.

Елбасының жеке кітапханасы. Президенттің жеке кітапханасын әр жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке (үй) кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдар құрайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының қорында Н.Ә. Назарбаевтың жеке топтамасындағы жәдігерлер, мерзімді және электронды басылымдар жинақталған: мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар. Кітапхана қорында сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар сақталған:  Мемлекет басшысына Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, Елбасына қазақстандық ғарышкер Т. Мұсабаев сыйлаған ғарыш айлағында болған Құран, Қасиетті Құрандар топтамасы, Ресей императоры Александр ІІ кітапханасында сақталған Ф. Шлоссердің «Всемирная история» кітабы, 1838 жылы жарық көрген Энциклопедиялық лексикон және басқалары.

Жеке архив. Елбасының жеке архивінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің  мемлекеттік және қоғамдық қызметіне байланысты 130 мыңнан астам мұрағат құжаттары, бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар сақталған. Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінің басты кезеңдері туралы жеке сипаттағы құжаттар аса құндылығымен ерекшеленеді: үлгерім табелі, куәлік, көрікшінің рұқсат қағазы, құрмет грамотасы, алғыс хаттары, мандаттары, депутаттық билеттері, ата-аналарының құжаттары және туған жері жайлы мәліметтер.

Сонымен қатар Жеке архивтегі құжаттар тәуелсіз және егемен Қазақстанның қалыптасу үрдісін, президенттік институттың қалыптасуын, жас елдің мемлекеттік құрылуын, жаңа астананың қалыптасуын, заң шығарушы және атқарушы биліктің кемелденуін, басқару аппаратын жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамудағы жетістіктерді сипаттайды.

Экспозиция-көрме қызметі. Мекеме ашылған уақыттан бері Кітапхананың жұмысымен 40 мыңнан астам адам танысты. Елбасы кітапханасына ат басын бұрған мәртебелі меймандар қатарында Монако князі Альбер II, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Украина президенті Петр Порошенко және тағы басқа ресми тұлғалар бар.

Кітапханада 8 экспозициялық аумақ бар. Еліміздің атаулы және тарихи маңызды күндеріне орай тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады.

«Президент» экспозициясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тұлғасын жан-жақты ашуға арналған. Құнды жәдігерлер арқылы Мемлекет басшысының жеке заттары, қолжазбалары, еңбектері, наградаларымен танысуға болады.   

«Президент сыйлықтары» экспозициясы Елбасына әр жылдары тарту етілген және Тұңғыш Президенттің өмірімен және қызметімен байланысты сыйлықтар галереясына айналған. Экспозицияда кәдесыйлар, қару-жарақ, үстел және қабырға сағаттары, спорттық керек-жарақтар қойылған.

Интерактивті экспозиция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының идеялары мен бастамаларын, Мемлекет басшысының республиканы қалыптастыру мен дамытудағы рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жан-жақты паш ететін білім беру кешеніне айналған.

Елбасы кітапханасының Талдау орталығы еліміздің толайым табыстары және даму басымдықтарына, Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларына байланысты жалпы әлемдік мәселелерді зерделеуге бағытталған халықаралық форумдар мен іс-шараларды ұйымдастырады.

Мекеме ұқсас ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс жасап, Әзербайжанның, Қытайдың, Ресей Федерациясының, АҚШ, Сингапурдың, Түркияның, Францияның және басқа мемлекеттердің ұлы саяси көшбасшылары мұрасын сақтау және ілгерілету бойынша озық тәжірибені зерделейді.    

Жобалар. Елбасы кітапханасы қазақстандық жастардың бойына отансүйгіштікті ұялату, Мемлекет басшысының жасампаз бастамаларын ілгерілету мақсатында «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасын қолға алды. Оның шеңберінде білім беру мекемелеріндегі үздік оқушылар мен студенттер үшін семинар-тренингтер әр апта сайын ұйымдастырылады. Мазмұнды дәрістер арқылы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мәні мен маңыздылығы терең түсіндіріледі. 

Соңғы жаңалықтар