Загребте «қаңтар трагедиясының» оқиғалары талқыланды

Фото: None
ЗАГРЕБ. ҚазАқпарат - Хорват жұртшылығының, ғылым, білім және мәдениет өкілдерінің қатысуымен «Хорватия – Қазақстан» достық қоғамының жыл сайынғы отырысы өтті. Шара барысында Қазақстандағы қаңтар айындағы оқиғалар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Төлежан Барлыбаев пікірталасқа қатысушыларды Қазақстандағы оқиғалар туралы хабардар етіп, терроризм, экстремизм және ұйымдасқан қылмыстың ерекше қауіптілігін атап өтті. Басшылықтың батыл шараларының арқасында Қазақстан тұрақсыздандыру мен хаосты болдырмай, қысқа мерзімде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіре алды.

Дипломат Қазақстанның жаңа Үкіметінің экономикалық реформаларды жүзеге асыру және уақыты жеткен әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі міндеттері туралы айтып берді. Ол Қазақстанның шетелдік әріптестер мен бизнес алдында қабылдаған барлық міндеттемелері толық көлемде орындалатынын хабарлады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында саяси жаңғыру бағытының мызғымастығы және Қазақстанның адам құқықтарын қамтамасыз етуге деген берік бейілділігі атап өтілді. Осы тұрғыда тергеу іс-шаралары барысында Мемлекет адам құқықтарының сақталуын және сот ісін жүргізу заңдылығын бақылауды қамтамасыз етеді деп көрсетілген.

Достық қоғамының төрағасы Андрия Карафилипович ҚР басшылығының мемлекеттік басқару және ұлттық қауіпсіздік жүйелерін, сондай-ақ экономикалық саясатты қайта қалыптастыру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады. Оның бағалауынша, бұл реформалар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңді ашады. ҚР басшылығының іс-қимыл бағдарламасының әлеуметтік бағыттылығы, атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қор құру және басқа да қадамдардың маңыздылығы атап өтілді.

Белгілі әлеуметтанушы, ғылым докторы Желько Хаймер бұрын-соңды болмаған дағдарыс жағдайында Қазақстан халқы бірлікті, сондай-ақ толеранттылық пен ұлтаралық келісім дәстүрлеріне бейілділікті сақтай отырып, батылдық пен қайсарлық танытқанын атап өтті. Оның пікірінше, саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды сәтті жүзеге асырудың кепілі әлеуметтік тұрақтылық болып табылады.

Хорватияның экс-президенті С.Месич және дөңгелек үстел отырысының басқа да қатысушылары адам құрбандығына әкеп соққан терроризм актілерін қатаң айыптап, Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы ең ауқымды дағдарысты еңсеруде Қазақстан халқымен ынтымақта болатынын білдірді. ҚР-дағы «қаңтар трагедиясының» маңызды сабақтарының бірі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік, билік пен бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту қажеттілігі болып табылатыны атап өтілді.

Соңында достық қоғамының мүшелері Қазақстан-Хорват ынтымақтастығының дамуын талқылады. 2021 жылы Қазақстан мен Хорватия арасындағы сыртқы сауда айналымы 650 млн. доллардан асып, тәуелсіздіктің барлық жылдарында рекордтық деңгейге жеткені атап өтілді. Ағымдағы жылы жоспарланып отырған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ҮАК отырысы мен іскерлік сапарлар сауданың одан әрі өсуіне ықпал ететін болады.

Достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Елші Т.Барлыбаев қоғам басшысы А.Карафилиповичке ҚР басшылығы атынан «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медалін тапсырды.


Соңғы жаңалықтар