Зағипа Балиева Алматыда қоқыс жәшігінен табылған балаға қатысты ақпаратпен бөлісті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, Бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Алматыда қоқыс жәшігінен табылған балаға қатысты іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Баланың шешесі ­- Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының бірінің 2-ші курс студенті. 1998 жылы туған. Баланың қауіпсіздігін сақтамағаны үшін ҚР ҚК 119-бабы бойынша студент қызға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әзірге тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалып, оның неге мұны жасағаны, не үшін мұндай қадамға барғаны анықталады. Меніңше, тергеу амалдарының шешімін күту керек», - деді Зағипа Балиева.

Оның айтуынша, студент кеше ауруханадан шықты. Оған психологиялық көмек көрсетіледі.

«Біз қазір Шымкент қаласы мен ОҚО Сайрам ауданы бойынша осындай екі анаға іздеу жарияладық. Оларға да ҚР ҚК 119-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, кәмпит ұрлаған 3 жасар баланы «ұрлық істеді» деп, сабап өлтірген жағдайға қатысты іс те біздің бақылауымызда. Мен, жалпы, жаза мен жауапкершілікті күшейтуді қолдаймын, дегенмен бұл жүйелі түрде шешетін тәрбие мәселесі», - деді Зағипа Балиева.

Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде Алматы қаласындағы Байтұрсынов және Төле би көшелері қиылысында орналасқан жоғарғы оқу орындарының бірінің жатақханасындағы қоқыс жәшігінен нәресте табылғаны туралы хабарланған болатын. Көп ұзамай баланың шешесі сол жатақханадан табылды. 

Соңғы жаңалықтар