Зағип жандарға пернетақта ойлап тапқан ақтөбелік оқушылар олимпиада жүлдегері атанды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Зағип жандарға пернетақта ойлап тапқан ақтөбелік оқушылар Мексикада өткен халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Жаннұр Әйіп пен Данияр Чутенев Expo Sciences Mexico халықаралық виртуалды олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Олар олимпиадада нашар көретін және зағип жандарға арналған « Braille Board» атты пернетақта жобасын ұсынды. Оқушылар қолда бар жобаны жыл бойы жетілдіріп келеді.

«Біздің құрылғы алты батырмадан тұрады. Осы алты батырманы басу арқылы компьютерге әріптерді немесе таңбаларды енгізуге болады. Болашақта патент алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл шынымен де бірегей жоба», - деді Жаннұр Әйіп.

Мектеп оқушылары жасаған пернетақта көлемі шағын. Тіпті адамның алақанына сыйып кетеді. Оқушылар жаңа құрылғыны Ақтөбе қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға апарып, пернетақтаны сынақтан өткізіп көрді.

«Пернетақтаны апта бойы сол кітапхананың қызметкері қолданды. Ол ешбір нұсқаусыз, бірден кәдесіне жаратты. Яғни, Брайль қарпін білетін адамдарға еш қиындық тудырмайды», – деді Жаннұр Әйіп. Кейін қолданушы не жазғанын сезе алатын дисплей жасау идеясын пайда болды. Екі оқушы қазір осы бағытта жұмыс істеп жүр.

Айта кетейік, Expo Sciences Mexico халықаралық олимпиадасына әлемнің 17 елінен барлығы 61 команда қатысты. «Компьютер және робототехника» номинациясы бойынша Жаннұр мен Данияр екінші орынға иеленді.


Соңғы жаңалықтар