Забира Оразалиева: Медициналық сақтандыру азаматтарды сапалы қызметпен қамтамасыз етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақында Үкімет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті мен тегін медициналық көмек пакетінің жаңа нұсқасын бекітті. Осы орайда қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін біраз сұрақтарды ашып көрсету қажет екені белгілі. Мәселен, кепілдендірілген тегін медициналық пакет дегеніміз не? Оған қандай қызметтер кіреді? Міндетті медициналық сақтандыру қарапайым халыққа қандай мүмкіндіктер ашады? Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде жариялаған 10 маңызды бағытында да сапалы медициналық қызмет туралы айтылды. «ҚазАқпарат» ХАА халықтың көкейінде жүрген осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап алу мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиевамен сұхбаттасқан еді.

- Забира Жандарқызы, өткен аптада үкімет кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерін бекітті. Қос пакет бойынша халыққа қызмет көрсету 2020 жылдан басталады. Алдымен, не үшін медициналық көмек екі пакетке бөлінді және міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қаншалықты қажет?

- Мемлекеттік тапсырыспен көрсетілетін тегін медициналық көмек пакетіне медқызметтің барлық түрлері енгізілген. Бірақ, өкінішке орай, оның көбі қағаз жүзінде қалып отыр. Себебі, тегін көрсетілетін қызметтер тізіміне енген медициналық көмектің бәріне ақша төлеуге мемлекеттің шамасы жетпейді. Оның үстіне, медициналық қызмет бағасы бір орында тұрмайды, қондырғылар бағасы да тұрақты түрде қымбаттауда.

Тегін медициналық көмекке бөлініп отырған қаржы нақты сұранысты қанағаттандыруға жетпейді. Сондықтан халық денсаулыққа жұмсалатын шығындардың белгілі бір бөлігін қалтасынан төлеуге мәжбүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу себебінің бірі осы. Өйткені, сақтандыру жүйесі жарна есебінен денсаулық саласына қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қаржы тапшылығы мәселесі бірден шешімін табады деген сөз емес. Себебі, халық саны алдағы уақытта да артады, соның ішінде медициналық қызметтерді көп пайдаланатын балалар үлесі 2,4%, қарттар үлесі 4% өсті. Оған үнемі қымбаттап отыратын технологиялардың бағасын қосыңыз. Сонымен қатар, медицина тоқтаусыз дамып отырады. Осының бәрі жұртшылықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарының өсуіне ықпал етері сөзсіз. Сондықтан сақтандыру халықтың қалтасынан шығатын шығындарды толық қысқарта алмаса да, шығынның өсу қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді.

- Қазір медициналық қызметтің қандай түрлеріне қаржы жетпей жатыр және бұл проблема алдағы уақытта қалай шешімін таппақ?

- Бүгінде оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек салаларында қаржы тапшылығы ерекше байқалады. Бірақ бұл қызметтер МӘМС пакетіне енгізілген. Сондықтан медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін олардың сапасы артып, халыққа қолжетімді болады деп үміттенеміз.

Атап айтар болсақ, оңалту қызметіне жұмсалатын шығындар 2,5 есе артты. Емхана деңгейінде көрсетілетін бастапқы санитарлық-медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 50 процентке дейін өседі. Келер жылдан бастап екі пакетте де консультативтік-диагностикалық қызметтерге, стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке бөлінетін қаржы көбейеді. Пакеттерді екіге бөлу арқылы көптеген қызмет түрлерін толық қаржыландыруға мүмкіндік туады.

- Қандай қызметтер бұрынғыдай тегін болып қалады?

- Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағдайына байланысты реттеледі. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.

- Осы тегін көмек кімдер пайдалана алады?

- Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына,

оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал, Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды.

- Ал, МӘМС пакетіне қандай қызметтер енеді?

- Екі пакеттің айырмасы неде деген сұрақтың басын ашып алсақ. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек - жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сондай-ақ, қоғам үшін маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Ал, МӘМС пакеті - азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға ықпал ететін қызметтерден тұрады.

Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

- Міндетті медициналық сақтандыру тағы қандай мүмкіндіктер береді?

- Атап айтсам, оңалту қызметі. Ол іштен науқас болып туғандарға, ішкі органдар мен қимыл-қозғалыс аппараты ауруларына шалдыққандарға, инсульт соққандар мен инфаркт алғандардың т.б. денсаулығын емделіп шыққананн кейін қалпына келтіру мақсатында көрсетіледі. Бірақ ол шұғыл көрсетілетін қызмет түріне жатпайды. Оңалту бұрын тегін медициналық көмек пакетінде болды, бірақ қаржы тапшылығына байланысты ешқашан толыққанды көрсетілген емес. Ал, МӘМС енгізілгеннен кейін бұл қызмет қолжетімді бола түседі. Әсіресе, мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін мүгедектер, зейнеткерлер, балалар тарапынан оңалту қызметіне деген сұраныс жоғары.

- Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдар санат бар. Кезінде сақтандыру жүйесінің кейінге қалдырылуына дәл осы мәселе түрткі болғаны белгілі. Осы санаттағылар сақтандыру жүйесіне кіру үшін не істеуі керек?

- Олардың сақтандыру жүйесіне қатысуына екі түрлі мүмкіндік беріліп отыр. Біріншісі, жарнаны өз бетінше төлеу. Ол үшін 2020 жылдан бастап ең төменгі айлық жалақының 5 проценті мөлшерінде жарна аударады. Бұл айына шамамен 3000 теңге шамасында. Немесе 2019 жылдың қаңтарында енгізілген Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу. Қалалық жерлердің тұрғындары 1 айлық есептік көрсеткіш немесе айына 2,5 мың теңге төлеуі тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар осыны төлеп, МӘМС пакетіне енетін барлық қызметтерді пайдалана алады. Бірыңғай жиынтық төлемнің ішінде табыс салығы, әлеуметтік салық, зейнетақы жарнасы мен сақтандыру жарнасы бар.

- Тағы бір сұрақ, 2020 жылдың қаңтарында емханаға барған адамға қалай қызмет көрсетіледі?

- Бастапқы медициналық-санитарлық көмек бұрынғыша тегін көмек пакетінде қала береді және енгізілгеннен кейін де өзгеріссіз болады. Яғни, емханалар тіркелген пациенттерге бұрынғыша қызмет көрсете береді, үйге шақырған пациенттерге барады, балалар мен жүкті әйелдерді бақылайды. 4 санаттағы жедел жәрдем шақыртуларына да солар барады. Және мұның бәрі міндетті түрде тегін көрсетіледі.

Содан кейін учаскелік дәрігер пациенттің денсаулық жағдайына тексеріп болғаннан кейін анализдерге жолдама береді, тегін көмек пакетіне енген қандай да бір ауру табылса, оны тегін емдейді. Ал, ешқандай ауру анықталмай, бірақ пациент әрі қарай жоспарлы түрде көмек алғысы келсе МӘМС қызметіне жүгінеді.

Соңғы жаңалықтар