Юрий Ильин: Су тасқынымен күреске 35 мың адам жұмылдырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көктемгі су тасқынымен күреске 35 мың адам жұмылдырылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың техника, 12 Қазавиақұтқару әуе кемелері, 700-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпа бар күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, өңірлердің су тасқынына әзірлік дәрежесі Қарағанды қаласында басқарма штабымен бірге «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында тексерілетін болады.

«1 ақпаннан 1 наурызға дейін «Қазгидромет» РМК нақты болжам жасайды. Осыны ескере отырып, министрліктің күштері мен құралдарын уақтылы жеткізу үшін топтамаларын түзетеміз және қажет болған жағдайда резервтік топтар енгіземіз», - деді Юрий Ильин.


Соңғы жаңалықтар