ЮНЕСКО-ның Мәдени мұралар тізіміне тағы 6 нысан енгізіледі – министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне тағы 6 нысан енгізіледі. Бұл жайында еліміздің Мәдени саясатының тұжырымдамасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне Қазақстан Республикасынан 10 нысан енгізілген. 2025 жылға қарай олардың санын 16-ға дейін арттыру жоспарда бар. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп, «Ұлы Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындау және ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Оның аясында Ұлы Жібек жолы бойындағы 6 нысанды: Сығанақ, Сауран, Ясы, Отырар, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар оазисінің ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр», - деп жазды министр Telegram-парақшасында.

Оның атап өтуінше, Қазақстанның мәдени брендін дамыту үшін мәдени туризмді жолға қою маңызды.

«Қазірдің өзінде Сарайшық, Ұлытау, Таңбалы және Отырар визит-орталықтарын пайдалануға бердік. Жақын арада Гаухар-Ана, Сауран, Есік және Ордабасы республикалық музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысын аяқталады. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы «Бозақ» ұлттық археологиялық саябағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күндері ортағасырлық архитектуралық стильде кіреберіс қақпалары салынуда», - деді ол.

Министр соңғы үш жылда 8 археологиялық ескерткіш (Берел, Бытыгай, Ботай, Бозок, Рахат, Сарайшық және т.б.) зерттелгенін атап өтеді. Ол жұмыстар биыл аяқталмақ.

«2030 жылға қарай біз ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілген республикалық тарихи және мәдениет ескерткіштерінің үлесін олардың жалпы санының 40 пайызына дейін жеткізуге ниеттіміз. Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізбесін толықтыру жұмыстары жалғасады. 2030 жылға қарай біз ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізімінде ұсынылған Қазақстан мәдениетінің элементтерінің санын 20 бірлікке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің рухани байлығымызды насихаттау, дамыту және сақтау бағытындағы маңызды қадам», - деді Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар