ЮНЕСКО клубтарының 200-ден астам өкілдері Астанаға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығы аясында ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясы және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры ұйымдастырған «Астана: бейбітшілік пен келісім орталығы» халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында Қазақстанның ұлтаралық келісім мен диалогты орнатудағы тәжірибесі таныстырылады және Қазақстанның халықаралық сахнадағы бейбітшілік пен келісім орталығы ретіндегі рөлі талқылануда. 

«Бүгінгі пікірталас алаңына билік, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық ұйымдардың, ЮНЕСКО клубтарының 200-ден астам өкілдерінің жиналуы қуантады. Бұл конференция ұлттар арасындағы өзара түсіністікті, мәдениаралық диалогты  нығайту саласындағы үздік тәжірибелермен және пікірлермен алмасуға бағытталған. Сонымен бірге, сараптамалық қауымдастық пен қоғамдық сектор арасында байланыс орнату арқылы қазіргі жағдайға талдау жасап, жұмыс тәжірибелерін жинақтай аламыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Ұлттық музейінде конференцияның ашылу салтанатында.

null

Вице-министр мәдени алуантүрлілік пен мәдени үндеуге қолдау білдіру тақырыбының Қазақстан үшін өзекті екенін атап өтті.

«Тәуелсіздік алған сәттен бері мемлекетіміз ата-бабалардан қалған мәдени мұраларды қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстар атқарды. 2004 жылдан бастап, он жыл бойы қазақ халқының көптеген мәдени ескерткіштері, ел аумағындағы материалдық және материалдық емес мұралар  жаңғыртылды. 2013 жылдан бүгінге дейін Қазақстан өзге елдердің архивтерінде сақталған құнды деректерді жинап келеді. Сол себепті, еліміздің мәдени жаңғыруының үшінші кезеңі болып саналатын, Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Рухани жаңғыру бағдарламасы өте маңызды», - деді ол.

Бүгінгі шара аясында 100-ден астам мәдениет пен халық өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстанның тәжірибесін және өзге де шетелдік қонақтардың жұмыс тәжірибесімен танысу мүмкіндігі бар.

«Сессиялар соңында тұрақты даму және Қазақстан мен Азия-Тынық мұхиты аймағы жастарының көшбасшылық қасиеттерін дамыту бойынша нақты ұсынымдар әзірленеді деп күтудеміз. Бүгінгі жиын арқылы ЮНЕСКО-ға мүше елдерді мәдениеттерді жақындастыру мен бейбітшілікке қолдау білдіруге шақырамыз», - деп өз сөзін түйіндеді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі.

Конференция 2-3 шілде күндері өтеді. Оның жұмысына 200-ге жуық халықаралық және ұлттық эксперттер, мемлекеттік органдардың, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ЮНЕСКО Клубтық қозғалысының, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері атсалысады.

Конференцияның екінші күні - 3 шілдеде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры мен ЮНЕСКО ұйымдастырған «The Planet of ART» халықаралық фестивалінің салтанатты жабылу кеші өтеді.

Соңғы жаңалықтар