Юлия Путинцева Ұлыбританиядағы жарыстың үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева Истборн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысты екінші айналымнан бастаған Ю.Путинцева әлемнің 40-ракеткасы, испаниялық Сара Соррибес-Тормомен шеберлік байқасты.

Тартысты өткен бірінші партияда Юлия таразы басын өзіне аудара білді – 7:5.

Екінші сетте Ю.Путинцева 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді.

Ю.Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған украиналық Ангелина Калининаның біреуімен таласады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда рейтингте 114-сатыдағы тағы бір украиналық Леся Цуренкомен кездеседі.

Ерлер арасында Истборн ATP 250 турнирінде Александр Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге бастапқы кездесуін сәтті өткізді. Олар ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Генри Паттенді 6:4, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, ширек финалға шықты.

А.Недовесов пен А.Курешидің ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге Мальорка (Испания) АТР 250 додасының беташар ойынында ресейлік Аслан Карацев – бельгиялық Йоран Флигенге есе жіберді – 6:7 (1:7), 6:7 (6:8).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.

Александр Бублик Истборн турнирінің екінші айналымына шықты.


Соңғы жаңалықтар