Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған, Бельгияның атынан сынға түсіп жүрген түбі украиналық Марина Заневскаямен шеберлік байқасты.

Осыған дейін Ю. Путинцева екі рет Ролан Гаррос жарысының ширек финалына дейін жетсе, М. Заневскаяның мақтанарлықтай ештеңесі жоқ-ты. Оның үстіне, бұл олардың өзара бірінші кездесуі еді.

Теннисшілер матчты брейк алмасумен бастады. Дегенмен, М. Заневская бұдан кейін қатарынан үш геймді алды – 4:1. Ю. Путинцева да қалыспай, есеп 3:5 болғанда, қарсыласының сетті алуына мүмкіндік берген жоқ – 7:5.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші өз геймін пайдалана алмады. Әйтсе де, тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:3).

Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 16 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева екінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен ойнайды. Ол бастапқы матчында рейтингте 112-сатыдағы словениялық Тамара Зиданшекті 6:3, 6:1 есебімен оңай ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық жас теннисші Бакуде өткен турнирде абсолютті чемпион атанды.


Соңғы жаңалықтар